×

Қазақстандағы автокөлік саны 6 миллионнан асты

Даурен Омаров 15.07.2026 | 17:06
Қазақстандағы автокөлік саны 6 миллионнан асты
Adal Adam

2026 жылдың маусым айында Қазақстанда 167 878 автокөлік есепке қойылды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы Ішкі істер министрлігінің деректеріне сүйене отырып хабарлады.

Мамыр айымен салыстырғанда жаңадан тіркелген көліктер саны 13,7 пайызға артқан.

Есепке қойылған көліктердің басым бөлігін жеңіл автомобильдер құрады. Олар жалпы тіркелген көліктердің 87,4 пайызын немесе шамамен 146 мыңын құрайды. Бұдан бөлек, 5,7 пайызы – жүк көлігі, 2,4 пайызы – тіркемелер, 1 пайызы – мотоциклдер, 0,9 пайызы – автобустар.

Отын түріне қарай ең көп тіркелгені – бензинмен жүретін көліктер. Маусым айында олардың саны 136 232 болған, бұл барлық тіркелген көліктің 81,1 пайызына тең.

Сонымен қатар:

  • 10 845 дизельді көлік;
  • 895 газбен жүретін көлік;
  • 11 183 гибридті көлік;
  • 2 872 электр көлігі есепке қойылған.

2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөліктердің жалпы саны 6 миллион 25 мыңнан асты.

Ең көп көлік Алматы қаласында тіркелген – 733,3 мың. Екінші орында Алматы облысы тұр, мұнда 646,3 мың автокөлік есепте тұр.