×

Діни құқықтар мен азаматтық міндеттердің тепе-теңдігі

Adal Adam 05.08.2026 | 13:21
Діни құқықтар мен азаматтық міндеттердің тепе-теңдігі
Фото: ИИ-мен жасалған

Қазақстан Республикасы Конституциясы әр азаматқа ар-ождан және діни сенім бостандығына кепілдік береді. Сонымен бірге әрбір азамат мемлекет заңдарын сақтауға, қоғамдық тәртіпті құрметтеуге және ел алдындағы міндеттерін орындауға жауапты. Сондықтан діни құқықтар мен азаматтық міндеттер бір-біріне қарсы қойылатын ұғымдар емес. Керісінше, олар қоғамдағы тұрақтылықтың өзара толықтыратын негіздері болып саналады, деп жазады Adaladam.kz.

Теолог, исламтанушы Асқар Сабдиннің айтуынша, радикалды ағымдардың ең үлкен мәселесі олардың санасында қалыптасқан жалған қарама-қайшылықтан басталады. Мұндай ағым өкілдері дін, ұлттық дәстүр және мемлекет заңдары бір-біріне сәйкес келмейді деп есептейді. Соның салдарынан олар ұлттық және мемлекеттік құндылықтарды қабылдамай, қоғамнан оқшаулана бастайды.

«Радикалдардың негізгі қақтығыс сызығы – олардың санасында. Олардың түсінігі бойынша, салт-дәстүр, мемлекеттің заңы және дін бір-бірімен сәйкес келмейді. Сондықтан олар тек діни мерекелерді ғана мойындайды, ұлттық мерекелерді қабылдамайды. Мемлекеттік мерекелерге құрмет көрсетпейді, мемлекеттік рәміздерді мойындамайды, Конституцияны және заңдарды ішкі сеніммен қабылдамайды. Заң талаптарын тек мәжбүр болғандықтан ғана орындайды», – дейді Асқар Сабдин.

Маманның пікірінше, мұндай көзқарас адамның қоғаммен байланысын әлсіретіп, радикалдануға жол ашады. Себебі азамат өзін мемлекеттен, қоғамнан және ұлттық мәдениеттен бөлек қарастыра бастайды.

Сонымен қатар Асқар Сабдин қоғамда қарама-қарсы тағы бір көзқарастың да кездесетінін атап өтеді. Оның айтуынша, радикализмге жауап ретінде кейбір адамдар дінді қоғамнан толық ығыстыру қажет деген пікір қалыптастырады. Бұл да дұрыс ұстаным емес.

«Бір жағынан радикалдар ұлттық дәстүр мен мемлекет заңын жоққа шығарады. Екінші жағынан, оларға реакция ретінде исламофобиялық көзқарастар пайда болады. Олар да дінді қоғамнан бөліп қарауға тырысады. Шын мәнінде, бұл екі ұстаным да қоғамға қауіп төндіреді», – дейді исламтанушы.

Маманның айтуынша, дұрыс көзқарас – осы үш құндылықтың өзара үйлесімділігін түсіну.

«Конструктивті ұстаным – бұл үш жүйені бір-біріне қарсы қоймау. Олар бірін-бірі толықтырады. Адам бір уақытта мұсылман да, өз ұлтының өкілі де, өз мемлекетінің жауапты азаматы да бола алады», – дейді Асқар Сабдин.

Ол бұл пікірін ислам тарихындағы мысалдармен де түсіндіреді. Пайғамбар Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары өздерінің шыққан тегін, руын немесе ұлтын жасырмаған. Керісінше, олардың есімдерінің өзінде туған жері мен этникалық ерекшелігі көрсетіліп отырған.

«Салман әл-Фариси – әрі сахаба, әрі парсы халқының өкілі. Біләл әл-Хабаши – әрі сахаба, әрі эфиопиялық. Пайғамбардың өзі де өзінің Құрайыш тайпасынан, Бану Хашим әулетінен екенін айтып отырған. Демек, ислам адамның ұлттық болмысын жоққа шығармайды», – дейді ол.

Исламтанушы ұлттық және мемлекеттік мерекелерге қатысты да түсініктің дұрыс қалыптасуы маңызды екенін атап өтті.

«Ұлттық мерекелер – діни мерекелер емес. Республика күні, Тәуелсіздік күні, Конституция күні сияқты мемлекеттік мерекелер азаматтық құндылықтарды білдіреді. Мұндай мерекелер көптеген мемлекеттерде бар. Мысалы, Сауд Арабиясының өзінде де Ұлттық күн атап өтіледі. Сондықтан оларды діни мерекелермен шатастыру дұрыс емес», – дейді маман.

Оның айтуынша, қоғамның тұрақтылығы азаматтың бірнеше маңызды болмысын қатар қабылдай алуына байланысты.

«Сен діндар мұсылмансың. Сонымен қатар өз еліңнің патриотысың. Сонымен бірге жауапты азаматсың. Сондай-ақ Қазақстанда өмір сүріп жатқан этностардың бірінің өкілісің. Мұның бәрі бір-біріне қайшы емес», – деп түсіндіреді Асқар Сабдин.

Бүгінде Қазақстанда әр азаматтың діни сенім бостандығы заңмен қорғалады. Сонымен қатар әрбір адамның Конституцияны сақтау, заң талаптарын орындау, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу және қоғамдық келісімді нығайту міндеті бар. Бұл талаптар азаматтың діни сеніміне қайшы келмейді, керісінше, қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған.

Мамандардың пікірінше, дінді дұрыс түсіну адамның мемлекетпен немесе ұлттық мәдениетпен арасына шекара қоюды емес, олардың өзара үйлесімді өмір сүруін қамтамасыз етеді. Радикалды идеология көбіне осы үйлесімділікті жоққа шығарып, адамдардың санасында жасанды қарама-қайшылық қалыптастыру арқылы таралады.

Сондықтан діни құқықтар мен азаматтық міндеттердің тепе-теңдігін дұрыс түсіну – тек құқықтық сауаттылықтың ғана емес, қоғамдық тұрақтылық пен рухани қауіпсіздіктің де маңызды кепілі болып қала береді.