×

Саналы сенім – діни экстремизмнің алдын алудың маңызды тетігі

Adal Adam 06.08.2026 | 15:00
Саналы сенім – діни экстремизмнің алдын алудың маңызды тетігі
Фото ЖИ-мен жасалған

Діни экстремизмнің алдын алу тек құқықтық немесе күштік шаралармен шектелмейді. Бұл бағыттағы ең тиімді құралдардың бірі – азаматтардың діни сауаттылығын арттыру және саналы діни көзқарас қалыптастыру. Мамандардың айтуынша, дінді терең түсініп, білім арқылы қабылдаған адам түрлі радикалды идеялардың жетегіне ермейді, деп жазады Adaladam.kz.

Қазақстан Республикасының Конституциясы әр азаматқа ар-ождан және діни сенім бостандығына кепілдік береді. Сонымен қатар мемлекет азаматтардың құқықтары мен қоғамдық қауіпсіздікті қатар қорғауға ерекше мән береді. Осы тұрғыдан алғанда діни білімнің дұрыс берілуі мен адамның дінді саналы түрде қабылдауы қоғам тұрақтылығы үшін маңызды факторлардың бірі саналады.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын үйлестіру басқармасының бас сарапшысы Миргүл Сәтбаеваның пікірінше, діни тәрбие ең алдымен адамның еркін таңдауына, білім алуына және саналы шешім қабылдауына негізделуі қажет.

Маманның айтуынша, бүгінде қоғамда балалардың ерте жастан діни тәжірибеге тартылуына қатысты түрлі пікірлер кездеседі. Әлеуметтік желілерде кішкентай балаларға діни киім кигізу немесе белгілі бір діни тәжірибеге ерте баулу туралы жарияланымдар жиі көрінеді. Дегенмен бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды.

«Әр ата-ананың баласына қандай тәрбие беру жөнінде өз таңдауы бар. Бірақ менің жеке пікірім бойынша, дінге соқыр сеніммен келуге болмайды. Дінді жан-жақты зерттеп, санамен, ой-түсінікпен қабылдаған дұрыс. Себебі соқыр сеніммен келген адам ұзаққа бармайды. Ол немесе радикалданады, немесе кейін өзінің адасқанын түсінеді», – дейді Миргүл Сәтбаева.

Оның пікірінше, баланы дінге күштеп бағыттау емес, ең алдымен білімге, ізденуге және сұрақ қоюға үйрету маңызды. Себебі адамның дүниетанымы қалыптасқан сайын оның кез келген діни ақпаратты саралап қабылдау қабілеті де артады.

«Баланы білімге, ғылымға және дінді өз бетімен зерттеуге бағыт берген дұрыс деп ойлаймын. Сонда ол ертең қандай да бір пікір естісе, оны саралап, дұрыс шешім қабылдай алады», – дейді сарапшы.

Миргүл Сәтбаева ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты құқығы заңмен қорғалатынын атап өтеді. Әр отбасы өз дүниетанымына сәйкес тәрбие бере алады. Алайда діни тәрбие адамның еркін ойлау қабілетін дамытуға бағытталуы тиіс.

Мамандардың пікірінше, радикалды идеология көбіне діни білімнің жеткіліксіздігін және адамның дайын ақпаратқа сын көзбен қарамауын пайдаланады. Мұндай жағдайда адам қасиетті мәтіндердің мазмұнын толық түсінбей, жекелеген пікірлерге ғана сүйеніп шешім қабылдауы мүмкін.

Сондықтан діни сауаттылық тек діни рәсімдерді білумен шектелмейді. Ол адамның сенімді ақпарат көздерін ажырата алуын, діни мәселелер бойынша білікті мамандардың пікіріне жүгінуін және әртүрлі көзқарасты салыстыра білуін қамтиды.

Қазіргі ақпараттық кеңістікте әлеуметтік желілер арқылы таралатын түрлі діни мазмұндағы материалдардың саны артып келеді. Алайда олардың барлығы бірдей сенімді ақпарат көзі бола бермейді. Осыған байланысты азаматтардың ресми ақпаратқа, кәсіби теологтар мен дінтанушылардың түсіндірмелеріне сүйенуі ерекше маңызды.

Миргүл Сәтбаеваның айтуынша, адамның діни таңдауы өз еркімен және саналы түрде қалыптасқанда ғана оның берік дүниетанымы қалыптасады. Ал мұндай дүниетаным радикалды идеяларға қарсы ішкі қорғаныс қызметін атқарады.

Саналы сенім – адамның өз дінін терең түсініп, жауапкершілікпен ұстануына негіз болады. Білімге сүйенген сенім ғана қоғамдағы тұрақтылықты, өзара құрметті және заңға бағынуды нығайтады. Сондықтан діни экстремизмнің алдын алуда ең маңызды бағыттардың бірі – азаматтардың діни сауаттылығын арттыру, жастарды сыни ойлауға баулу және дінді білім арқылы тануға жағдай жасау.