Ұлттық тәрбие – рухани қауіпсіздіктің негізі
Қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігі тек заңдар мен мемлекеттік институттарға ғана емес, ең алдымен азаматтардың дүниетанымы мен тәрбиесіне байланысты. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, адамгершілік қағидаларын ұстанған ұрпақ кез келген жат идеологияға сын көзбен қарай алады. Сондықтан ұлттық тәрбие – рухани қауіпсіздіктің берік негізі, деп жазады Adaladam.kz.
Қазақтың ұлы ағартушылары мен ойшылдары тәрбие мәселесін ұлт болашағымен байланыстырған. Олар баланың тұлға болып қалыптасуы ең алдымен отбасыдағы өнеге мен дұрыс тәрбиеден басталатынын ерекше атап өткен.
Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин: «Балаға берілген бірінші тәрбие ата-анасын, туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады», – деп, адам бойындағы ізгі қасиеттердің бастауы отбасында қаланатынын көрсеткен.
Абай Құнанбайұлы болса: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – деп, тұлғаның қалыптасуына отбасы ғана емес, білім мен дұрыс ортаның да үлкен әсер ететінін айтқан.
Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлды ұлша тәрбиелесең – ұл болады, құлша тәрбиелесең – құл болады», – деп тәрбиенің нәтижесі баланың болашақ өміріне тікелей ықпал ететінін ескерткен. Сонымен бірге ол: «Бала тәрбиесін, оқытуды жақсы білемін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерді өзі жақсы білуі керек, екінші баланың табиғатын біліп, көңіл-сарайын танитын адам болуы керек», – деп тәрбиеші мен ата-ананың жауапкершілігін ерекше атап өткен.
Жүсіпбек Аймауытов: «Адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан... адам баласының ұрлық істеу, өтірік айту, кісі тонау, өлтіру сықылды бұзақылықтарды жасауы тәрбиенің жетіспегендігінен», – деген. Бұл ой бүгінгі күні де өз маңызын жойған жоқ. Өйткені жастардың түрлі теріс идеологиялардың ықпалына түсуінің себептері тек діни сауатсыздықпен ғана емес, тәрбиенің әлсіреуімен де байланысты болуы мүмкін.
Ал Мағжан Жұмабаев: «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер... бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі», – деп тәрбие ісінің қаншалықты маңызды екенін көрсеткен.
Бұл ойлардың барлығы бір ортақ қағиданы аңғартады: бала ең алдымен үлкендердің іс-әрекетінен үйренеді. Сондықтан жауапкершілік, адалдық, еңбекқорлық, өзара құрмет, отансүйгіштік сияқты қасиеттер сөзбен емес, күнделікті өмірдегі үлгі арқылы қалыптасады.
Қазіргі ақпараттық кеңістікте жастар түрлі көзқарастар мен идеяларға жиі тап болады. Сол себепті олардың ұлттық құндылықтарға сүйенген берік дүниетанымының болуы ерекше маңызды. Ұлттық тәрбие адамға өз халқының тарихын, мәдениетін, дәстүрін құрметтеуді үйретіп қана қоймай, кез келген ақпаратты саралап қабылдауға да негіз қалайды.
Рухани қауіпсіздік дегеніміз – адамның өз болмысын, ұлттық және рухани құндылықтарын сақтай отырып өмір сүруі. Мұндай қауіпсіздік ең алдымен отбасында қалыптасатын тәрбиеден бастау алады. Себебі дұрыс тәрбие алған адам заңды құрметтейді, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінеді, өз ұлтының мәдениеті мен дәстүрін бағалайды және түрлі арандатушы идеяларға сын көзбен қарай алады.
Сондықтан ұлттық тәрбие – тек отбасының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Ұлы тұлғалардың мұрасы бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Олардың тағылымы ұлттық құндылықтарды сақтауға, жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіруге және қоғамның рухани қауіпсіздігін нығайтуға қызмет етеді.