Алматыда «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық жеңімпазы анықталды
Алматыда отбасылық құндылықтарды дәріптеп, өнегелі шаңырақтарды көпшілікке үлгі етуді мақсат еткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңі қорытындыланды. Алматы биыл аталған конкурсқа 12-рет қатысып отыр.
Марапаттау салтанатына қаланың сегіз ауданында өткен іріктеу кезеңдерінен үздік шыққан отбасылар қатысты. Оларға естелік және ақшалай сыйлықтар табысталды. Қалалық кезеңнің жеңімпазы Билял отбасы атанды. Енді олар Алматының атынан Астанада өтетін республикалық марапаттау рәсіміне қатысады.
Биыл байқауға қала бойынша 262 өтінім түскен. Алдымен әр ауданда іріктеу өтіп, қалалық кезеңге сегіз ауданнан екі отбасыдан жолдама берілді.
Қазылар алқасының мүшесі, Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Марат Қалимолдин байқаудың жоғары деңгейде өткенін атап өтті.
– «Мерейлі отбасы» – қоғам үшін маңызды мәселелердің бірін көтеретін ерекше байқау. Отбасылық құндылықтарды сақтау мен дәріптеуде мұндай шаралардың орны бөлек. Тәлімі мен тәрбиесі мол, өнегелі отбасылардың жеңіске жетіп, халыққа үлгі болуы – байқаудың басты маңызы, – деді ол.
«Мерейлі отбасы» байқауы берекелі шаңырақтардың өнегесін насихаттап, жас ұрпаққа отбасының қадірін ұғындыруға бағытталған. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар қоғамдағы отбасы институтын нығайтып, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға ықпал ететінін атап өтті.