QAIRU алғашқы оқу жылын бастады: университетке 500 студент қабылданды
Астанада Qazaq AI Research University (QAIRU) алғашқы оқу жылын бастады, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған жасанды интеллект бағытындағы университет алғашқы жылы 400 бакалавр мен 100 магистрантты қабылдады. Университет басшылығы бұл көрсеткіш алдағы уақытта да сақталатынын мәлімдеді.
QAIRU ректоры Сапар Тоқсановтың айтуынша, басты мақсат – студент санын көбейту емес, білім сапасына басымдық беру.
«Біз санға емес, сапаға барғымыз келеді», – деді ректор.
Университеттегі бакалавриат бағдарламасы дәстүрлі төрт жылдың орнына үш жылға есептелген. Бірінші проректор Серік Өмірбаевтың сөзінше, бағдарлама қысқартылмайды, керісінше оқу процесі қарқынды жүреді. Студенттер бірінші курстан бастап өз AI-жобасын әзірлейді. Алғашқы жылы MVP жасап, екінші курста AI-сервиске айналдырады. Үшінші жылы жоба толыққанды өнім ретінде дипломдық жұмыстың негізі болады.
Оқу бағдарламалары Google және Samsung компанияларымен интеграцияланған.
Студенттерге суперкомпьютердің 20 GPU-ы бөлінді
Университет студенттері мен зерттеушілері жасанды интеллект жобаларын жүзеге асыру үшін арнайы есептеу қуатына қол жеткізеді.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Гиззат Байтұрсыновтың айтуынша, Alem Cloud суперкомпьютерінен QAIRU қажеттілігіне 20 GPU бөлінген. Жүктеме артқан жағдайда бұл көрсеткіш те ұлғайтылады.
Сонымен қатар NVIDIA және Presight компанияларымен қуаты 250 мегаватт болатын дата-орталық салу жөнінде келісім жасалған.
Шетелдік университеттермен серіктестік орнатылады
QAIRU халықаралық жоғары оқу орындарымен де бірлескен бағдарламаларды қолға алмақ.
Қазан айында Shanghai Innovation Institute ғалымдары Астанаға келіп, студенттерге дәріс оқиды. Сонымен бірге бірлескен докторантура мәселесі талқыланып жатыр.
Tsinghua SIGS-пен де білім беру бағыты әзірленуде. Жоспар бойынша студент бакалавриатты QAIRU-да аяқтап, магистратура мен докторантураны Tsinghua-да жалғастыра алады.
Shanghai Jiao Tong University және Korea University-мен студент алмасу бағдарламалары да қарастырылған.
Оқу ақысы қанша?
Университетте 24 оқытушы жұмыс істейді. Бір оқытушыға шамамен 12 студенттен келеді.
Бакалавриатта бір жылдық оқу ақысы 2 миллион теңгеден, магистратурада шамамен 3 миллион теңгеден басталады.
Қазір мемлекеттік грант бакалавриат студенттеріне қарастырылған. Университет өкілдерінің мәліметінше, келесі жылы магистратураға да грант бөлу жоспарланып отыр. Ал қазан айында QAIRU докторантура бағдарламасын лицензиялауға құжат тапсырмақ.
Университет басшылығы QAIRU-ды тек білім беретін оқу орны ретінде емес, зерттеу, бизнес және технологияны біріктіретін жасанды интеллект экожүйесі ретінде дамытуды көздеп отыр.