Қазақстанда балаларға арналған фастфуд жарнамасына шектеу қойылуы мүмкін
Қазақстанда балаларға бағытталған фастфуд, тәтті сусындар және құрамында қант, тұз бен май мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасын шектеу ұсынылды, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Денсаулық сақтау министрлігі тиісті заңнамалық өзгерістер әзірлеп жатыр. Ұсыныс қабылданса, шектеу телеарна, радио, әлеуметтік желілер мен сыртқы жарнамаға қатысты болады.
Министрлік мұндай қадамның басты мақсаты – балалардың тағам таңдауына жарнаманың ықпалын азайтып, дұрыс тамақтану әдетін қалыптастыру екенін атап өтті. Әсіресе әлеуметтік желілердегі блогерлер арқылы жасалатын жарнама мен түрлі маркетингтік тәсілдердің балаларға әсеріне назар аударылып отыр.
Ведомство келтірген зерттеу деректеріне сәйкес, 6–9 жастағы балалардың 23 пайызында артық салмақ, тағы 6 пайызында семіздік бар. Ал жасөспірімдердің 17,5 пайызы энергетикалық сусындарды апта сайын тұтынады.
Бұған дейін Президент Үкіметке фастфудтың агрессивті жарнамасы мәселесін реттеуді тапсырған.
Министрлік әзірленіп жатқан бастама фастфуд өнімдерін сатуға тыйым салуды көздемейтінін нақтылады. Әңгіме балаларға бағытталған жарнаманы шектеу туралы болып отыр.