Жетісу облысында 26 жаңа білім беру нысаны салынып, 33 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді
Жетісу облысы құрылғаннан бері өңірдегі білім беру инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріліп келеді. Осы кезеңде 26 жаңа білім беру нысаны салынып, 33 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар бейімделген мектептердің саны екі есеге қысқарған, деп жазады Adaladam.kz.
Мұғалімдерді қолдау және педагог мамандығының беделін арттыру бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Мұғалімдер күніне орай өңірдің 350-ден астам педагогі марапатталды, оның 9-ы мемлекеттік наградаға ие болды.
Педагогтерді кәсіби мерекесімен облыс әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы академиялық драма театрында өткен салтанатты шарада құттықтады.
Өңір басшысы ұстаздардың өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен қоғамды дамытудағы рөліне тоқталып, білім беру инфрақұрылымын жетілдіру және педагогтерді қолдау шаралары туралы айтты.
Жетісу оқушыларының жетістіктері де атап өтілді. «Мың бала» олимпиадасында 33 оқушы жеңімпаз атанып, 14 оқушы еліміздің үздік лицейлерінде тегін білім алуға жолдама алған. Соңғы төрт жылда өңір оқушылары халықаралық олимпиадалар мен зияткерлік байқауларда 73 жүлделі орынға ие болды. Оның ішінде 13 алтын, 28 күміс және 32 қола медаль бар.
Педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға да көңіл бөлінуде. Облыс мұғалімдерінің 85,5 пайызы оқу процесінде жасанды интеллектіні қолдану бағытында білім алған. 12 мыңнан астам педагог біліктілігін арттырса, 14 мыңнан астам мұғалім санатына сәйкес лауазымдық жалақысына ай сайынғы үстемеақы алады.
Жыл сайын «Үздік педагог» байқауы өткізіліп, оның жеңімпаздарына мемлекеттік гранттар табысталады. Соңғы төрт жылда 1400 жас маманға «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында көтерме жәрдемақы беріліп, 554 маманға тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несие ұсынылған.
Облыс құрылғаннан бері өңірдің 29 педагогі жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. Бейбіт Исабаев марапатталған педагогтердің кәсіби шеберлігі мен еңбегін атап өтті.
Салтанатты шара барысында 8 педагогке жоғары мемлекеттік награда табысталды. Оларға «Құрмет» ордені, екі «Ерен еңбегі үшін» медалі және бес «Шапағат» медалі берілді. Тағы бес педагог «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапатталды.
Бұған дейін Астанада өткен Мұғалімдер күніне арналған салтанатты жиында Талдықорғандағы Мұхтар Арын атындағы №24 мамандандырылған лицейдің мұғалімі Айман Жантілеуоваға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілген болатын.
Сондай-ақ өңірлік байқаулардың жеңімпаздары анықталды. «Үздік сынып жетекшісі» аталымында Алакөл ауданы А. Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің 8-сынып жетекшісі Мөлдір Түсіпбекова, «Үздік ауыл мектебі» аталымында Кербұлақ ауданы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектеп, «Үздік балабақша» аталымында Көксу ауданындағы «Алпамыс» бөбекжай-бақшасы жеңімпаз атанды.
Ал Сарқан ауданы Абай атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аида Арғынбаева «Жетісу ұстазы» аталымында үздік деп танылды. Жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар табысталды.
Қазіргі таңда Жетісу облысында 19 мың педагог еңбек етеді. Биыл Рудничный және Сұптай ауылдарында жаңа мектептер пайдалануға берілді. Республика күні қарсаңында Көксай ауылында жаңа мектеп пен Талдықорған қаласында «Білім-инновация» лицейінің жаңа ғимаратын ашу жоспарланған.
Сонымен қатар Қаратал ауданының Үштөбе қаласында және қайтарылған активтер есебінен Көксу ауданының Балпық би ауылында әрқайсысы 600 орынға арналған мектептер салынуда.
Жыл соңына дейін өңір мектептері физика, химия және биология пәндеріне арналған 240 заманауи кабинетпен жабдықталмақ.