Қазақстан жедел медициналық жәрдем бригадаларының халықаралық чемпионатында екі жүлделі орынға ие болды
Қазақстан командалары Беларусь Республикасында өткен жедел медициналық жәрдем бригадаларының VI халықаралық чемпионатында бірінші және екінші орындарды иеленді.
Жарыс қорытындысы бойынша Жамбыл облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бригадасы жеңімпаз атанса, Қызылорда облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының командасы екінші орынға ие болды.
Халықаралық чемпионатқа Беларусь, Ресей және Қазақстаннан барлығы 22 команда қатысты. Қатысушылар уақыт тапшылығында шұғыл әрі нақты шешім қабылдауды, жоғары кәсіби біліктілікті және командалық үйлесімділікті талап ететін күрделі сынақтардан өтті.
Қазақстандық мамандар жарыс барысында жоғары дайындық деңгейін, кәсіби шеберлігін, төзімділігі мен ұйымшылдығын көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғады.
Чемпионат нәтижесі бойынша:
-
I орын – Жамбыл облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының командасы;
-
II орын – Қызылорда облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының командасы.
Қазақстандық бригадалардың бұл жетістігі жедел медициналық көмек мамандарының кәсіби дайындығы мен командалық жұмысының жоғары деңгейін көрсетті.