Алматыдағы жылыжай жылына 6 мың тоннаға дейін көкөніс өндіреді
Алматының индустриялық аймағында орналасқан жылыжай кешені жыл сайын 5–6 мың тонна қызанақ пен қияр өсіреді. Кәсіпорын өнімі қаладағы сауда желілеріне және басқа өңірлерге жеткізіледі. Әсіресе ашық топырақта көкөніс азаятын қыс пен маусымаралық кезеңде жергілікті өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деп жазады Adaladam.kz.
Жылыжай кешені 2016 жылы іске қосылып, индустриялық аймақта жұмысын бастаған алғашқы өндіріс орындарының бірі болды. Қазір мұнда 10,5 гектар аумақта көкөніс өсіріледі: 5,5 гектарға қызанақ, 5 гектарға қияр егілген. Өндіріс кезеңі қазаннан шілдеге дейін жалғасады. Кәсіпорында 170-тен астам адам еңбек етеді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында жылыжай кешенінің директоры Ақмарал Мұхатова өндірісті кеңейту жоспары компанияның даму стратегиясы аясында пысықталып жатқанын айтты.
«Қазір біз жылына шамамен 5–6 мың тонна көкөніс өндіреміз. Бұл қаланың қызанақ пен қиярға деген жылдық жалпы қажеттілігінің шамамен 11–14 пайызына тең», – деді ол.
Жылыжайда өсімдіктердің өсу жағдайлары тұрақты бақыланады. Көкөністер топырақсыз өсіріліп, қоректік ерітінді тікелей тамырына беріледі. Автоматты суару жүйесі су мен тыңайтқыш мөлшерін реттейді, ал жасанды жарықтандыру өсімдіктер алатын жарық уақытын ұзартады. Қызанақты түкті аралар тозаңдандырады.
Өнімді сауда желілеріне тікелей жеткізу оның балғындығын сақтауға және логистикалық жолды қысқартуға мүмкіндік береді. Кәсіпорын өсімдіктерді биологиялық қорғау әдістерін қолданып, химиялық пестицидтерді пайдалануды барынша азайтуға мән береді.
Ақмарал Мұхатованың айтуынша, қазаннан шілдеге дейінгі өндіріс кезеңі қыс пен маусымаралық уақытта жергілікті көкөніс жеткізуге жағдай жасайды. Бұл кезеңде импорттық өнімге тәуелділік те артады.
Сонымен қатар жылыжай өндірісінің шығындары энергия ресурстарының бағасына тікелей байланысты. Кешен электр энергиясының көтерме нарығына көшкеннен кейін оның құны кәсіпорын үшін екі еседей өскен.
Осыған байланысты шығындарды азайту үшін жарықдиодты жарықтандыру жүйесіне көшу және энергия үнемдеудің басқа да шешімдерін енгізу қарастырылып жатыр. Қазақстанның Жылыжайлар одағымен бірлесіп, жасанды жарықтандыруды пайдаланатын жылыжай кешендері үшін электр энергиясы тарифтерін қайта қарау мәселесі бейінді министрліктердің алдында көтерілген.
Алматының индустриялық аймағында қазір 163 компания жұмыс істейді. Олардың жобаларына салынған инвестицияның жалпы көлемі 1 трлн 53 млрд теңгеден асқан. Мұнда көлік жасау, құрылыс материалдарын өндіру, ет пен балық өңдеу, кондитерлік және нан-тоқаш өнімдерін шығару кәсіпорындары орналасқан.
2016 жылдан бері индустриялық аймақта жалпы құны 366 млрд теңге болатын 62 жоба жүзеге асырылып, 10 439 жұмыс орны ашылды. 2026 жылдың басынан бері кәсіпорындар 712 млрд теңгенің өнімін өндіріп, қала бюджетіне 33 млрд теңге салық түскен.
Биыл бес жоба іске қосылып, 345 жұмыс орны құрылған. Жыл соңына дейін инвестиция көлемі 6,7 млрд теңгені құрайтын тағы алты жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Олардың нәтижесінде қосымша 346 жұмыс орны ашылмақ.
Индустриялық аймақтың үшінші кезеңін дамыту кезінде тамақ өндірісі мен агроөнеркәсіптік сектор басым бағыттардың қатарында болады. Бұл ретте өнімді өсіру, өңдеу және сақтауды бір жүйеге біріктіретін жобаларға назар аударылады.