×

Алматыдағы «Таза Қазақстан»: 2 000-нан астам қатысушы қаланы тазалап, достық ағашын екті

Даурен Омаров 28.04.2025 | 16:07
Алматыдағы «Таза Қазақстан»: 2 000-нан астам қатысушы қаланы тазалап, достық ағашын екті
Adaladam.kz

26 сәуір күні Алматы қаласының барлық ауданында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Қазақстан халқы бірлігі күніне орай «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны аясында республикалық сенбілік өтті, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Сенбілікке 2 000-нан астам адам – этномәдени бірлестіктердің өкілдері, түрлі діни ұйымдардың мүшелері, жоғары оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары, еріктілер мен қала тұрғындары қатысты. Олар көшелерді, саябақтар мен скверлерді тазалауға шықты.

Жалпы 50 гектар аумақ тазаланды. 800 тоннадан астам қоқыс жиналып, шығарылды. Оның ішінде шыны, пластик, резеңке, қағаз, металл және басқа да тұрмыстық қалдықтар бар.

Сенбілік Алматының барлық ауданында өтті:

* Алатау ауданы – «Ала» саябағы

* Алмалы ауданы – Қарасай батыр көшесі, Масанчи көшесінен Розыбакиев көшесіне дейін

* Әуезов ауданы – Райымбек даңғылы, Жексенбаев көшесінен Яссауи көшесіне дейін

* Бостандық ауданы – Қожекеев көшесінің батыс бөлігі, Өтегенов көшесінен Бақшалы көшесіне дейін

* Жетісу ауданы – Коперник сквері

* Медеу ауданы – Сахариев көшесі, Үлкен Алматы айналма жолының шығыс бөлігі, «Кеңсай-1» және «Кеңсай-2» зираттары

* Наурызбай ауданы – Машан көшесі, Қарғалы өзенінен Нұрпейісов көшесіне дейін, Халықтар достығы саябағы

* Түрксіб ауданы – Тренев көшесі, «Төменгі бесжылдық» шағын ауданы

Сонымен қатар Наурызбай ауданындағы Халықтар достығы саябағында ағаш егу акциясы ерекше көңіл-күй сыйлады. Бұл жерде Алматы қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері – орыс, күрд, түрік, ұйғыр, ауған, қазақ қауымдастықтарының мүшелері мен жастар бірігіп қарағаш, жөке, талшын және үйеңкі ағаштарын отырғызды.

«Бүгін біз Халықтар достығы саябағын кеңейтіп жатырмыз. Жастар мен түрлі этностардың өкілдері ағаш екті. Бұл біздің бірлігіміздің және мәдениеттер арасындағы өзара сыйластықтың белгісі. Бұл саябақ біздің достығымыз секілді тамыр жайып, өседі», - деді Алматы қаласы ҚХА төрағасының орынбасары, Орыс мәдени орталығының төрағасы Всеволод Лукашов.

Сонымен қатар, акция аясында Кеңсай зиратында жастардың патриоттық акциясы өтті. Мұнда Ұлы Отан соғысының жауынгерлері мен елдің көрнекті қайраткерлері жерленген.

Мемориалды учаскелерді тазалауға ЖОО студенттері, еріктілер қозғалыстарының мүшелері, Алматы қаласындағы діни ұйымдар мен этномәдени орталықтардың өкілдері қатысты.

«Батырлардың ерлігін мұндай акция кезінде ғана емес, үнемі есте ұстаған жөн. Қабірлердің тазалығы – олардың мұрасына деген ризашылығымыз бен құрметіміздің белгісі», - деді Алматының бас имамы Төлеби Оспан.

«Бұл жай сенбілік емес. Соғыс ардагерлері мен ата-бабаларымыз халықтың жадында мәңгі қалады. Жастар сол ерліктің қандай биік рух пен қайсарлықты талап еткенін білуі керек. Бұл біздің тарихымыз», – деді Түрксіб аудандық коммунити орталығының директоры Қадырбек Файзуллаев.

Акция алматылықтар үшін қаланың тазалығы, аға буынның ерлігіне құрмет және халықтар бірлігі ең маңызды құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.