×

Алматыда 42 жылдан астам бұрын пайдалануға енгізілген құбыржолды жаңғыртады

Даурен Омаров 21.05.2025 | 17:15
Алматыда 42 жылдан астам бұрын пайдалануға енгізілген құбыржолды жаңғыртады
Gov.kz

Алматының Бостандық ауданында 1983 жылғы құбыржолды ауыстырады. Алматыда Габдуллин, Жағалау маңы, Хамит Ерғалиев, Бұқар жырау желекжолы және Байтұрсынов көшелерінің контурымен төселген құбыржолды жаңғырту жүргізілуде, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Жалпы ұзақтығы 2,7 километрді құрайтын жылу трассасы 220-ден астам қала объектілерін жылумен қамтамасыз етіп отыр. Жазғы кезеңде Бостандық ауданының тұрғындарына ыстық су беру уақытша құбыржол арқылы қамтамасыз етіледі.

Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2025 жылдың 20 мамырынан бастап 1 тамызына дейін: Римский-Корсаков көшесімен (Бұқар жырау желекжолынан бастап Габдуллин көшесіне дейін); Габдуллин көшесімен (Нахимов көшесінен бастап Марков көшесіне дейін) автокөліктер қозғалысы жабылады.

Жалпы, ағымдағы жылы қалада 39 км жылу желілерін жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл тозу деңгейін 54,1 % дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Қала құрылысын бақылау басқармасы Рахат-Мәдениет шағын ауданында «САПА ҚҰРЫЛЫС 2007» ЖШС мердігер ұйымы жүргізіп жатқан су құбыры мен кәріз желілерінің құрылысына инспекциялық тексеру жүргізді.

Тексеру барысында бірқатар заңбұзушылық анықталды.

Атап айтқанда, кейбір учаскелерде қайтадан топырақ толтырылмаған, ал кей жерлерде қабаттап тығыздау жұмыстарынсыз топырақ төселген, бұл жол жабындысының шөгуі мен опырылуына алып келген.

Сондай-ақ, қорғаныс қоршаулары, тіреулер, ор траншеяларының еңістерін өңдеу жұмыстары жүргізілмегені анықталды. Бұған қоса, жобадан ауытқушылықтар да тіркелді.

Қазіргі уақытта бірнеше ҚР ӘҚБтК баптары бойынша әкімшілік шаралар қабылдау мақсатында жоспардан тыс тексеріс басталады.