Қызылордада «XXI ғасырдың қаржылық триггерлері» атты форум өтті

Бүгін Қызылорда қаласындағы «Өнер орталығында» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «XXI ғасырдың қаржылық триггерлері» тақырыбында форум өтті, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Іс-шараға қала және аудан әкімдері, салалық басқарма басшылары, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласының өкілдері, зиялы қауым мен белсенді жастар қатысты.
Аймақ басшысы форум барысында қоғамдағы өзекті мәселелерді ортаға салып, алда тұрған ортақ міндеттерді белгіледі.
«Цифрлық шешімдер жылдам дамыған уақытта азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың, қаржылық сауаттылығын, құқықтық мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы артты. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында: «Біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның, әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза, Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз» деп нақты міндеттерді белгілеген болатын.
Биыл 1 сәуірде Үкімет қаулысымен «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдама» бекітіліп, нақты міндеттер белгіленді. Өңірімізде Мемлекет басшымыздың «Заң мен Тәртіп» қағидасын іске асыруда Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп, кешенді шараларды қолға алдық. Жаңа бастамаларға әрдайым қолдау көрсетіп келеміз.
Заманауи мүмкіндіктерді өз пайдасына асырған алаяқтар жасаған қылмыстар азаматтардың лайықты өмір сүруіне теріс әсер етуде. Түрлі гаджет мен смартфондағы бағдарламалардың көмегімен жасалатын алаяқтық, кибершабуылдар схемасы сәт сайын өзгеріп, қадамдары жаңарып барады. Халықтың қаржылық қауіпсіздігі үшін қаржылық пирамидалар, құмар ойындарға тәуелділік, интернет-алаяқтық, дропперлік қылмыстардың алдын алуда уақытылы, тиісті шешімдер қабылдаудың маңыздылығы артты. Бір қарағанда жеке адамның мәселесі секілді көрінуі мүмкін. Бұл - тұтас қоғамға, әрбір отбасыға, ұрпағымыздың болашағына әсер ететін қауіп-қатер", - деді Н. Нәлібаев.
Ол сондай-ақ өңірде құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге тұрғындармен тұрақты түрде қоғамдық қабылдаулар өткізіліп келе жатқанын, бұл жұмыстар халықтың билікке деген сенімін арттыруға сеп болғанын жеткізді.
– Елімізде заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл туралы заң қабылданып, нақты шаралар жүзеге асырыла бастады. Бұл дертпен бүкіл қоғам болып күресуіміз керек. Лудоманияға ұшыраған азаматтарға психологтар мен дін мамандары тарапынан көмек көрсетіліп, жеңіл жолмен келген ақшаның қайырсыз екенін, табыстың берекесі адал еңбекте екенін түсіндіру маңызды, – деді облыс әкімі.
Форум барысында тың идеялар мен жаңа бастамалар ортаға салынып, оларды жүйелі түрде іске асыру қажеттігі айтылды.
Іс-шарада Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Руслан Сатыбалдиев, дінтанушы Нұрлан Асанов, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов және департамент басшысы Аслан Кеңес баяндама жасап, қаржылық сауаттылықтың маңызын атап өтті. Сонымен қатар, қоғамды алаңдатқан құмар ойынның қауіптілігіне назар аударды.
Форум аясында облыс тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру, қаржы пирамидалары мен лудоманияның алдын алу бағытында белсенді жұмыс жүргізген бірқатар азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.