Биыл «Каспий» биржасында 26 мың тоннадан астам битум сатылды

«Каспий» тауар биржасы» АҚ 2025 жылдың бірінші жартыжылындағы битумның биржалық сауда-саттық нәтижелерін ұсынды. Жарияланған талдау баяндамасына сәйкес, бұл кезеңде «Каспий» биржа алаңында жалпы сомасы 1 317 млн теңгеге жалпы көлемі 26 365 тонна болатын 45 мәміле жасалды.
Битум – бұл мұнайды өңдеу нәтижесінде алынатын жоғары тұтқыр мұнай өнімі. Ол автомобиль жолдарын, ұшу-қону жолақтарын, гидрооқшаулағыш жүйелерді және басқа да инфрақұрылымдық нысандарды салу мен жөндеуде кеңінен қолданылады.
Жасалған мәмілелер бойынша орташа бағалар тоннасына 149 000 теңгеден 152 000 теңгеге дейінгі диапазонда болды.
Сауда-саттық 15% биржалық қамтамасыз етумен қосарланған қарсы аукцион форматында өткізіліп жатыр, бұл ретте баға базалық бағадан 101%-дан аспауы тиіс, бұл әділ және бәсекелестік баға белгілеуді қамтамасыз етеді.
Аталған кезеңдегі сауда-саттыққа белгіленген талаптарға сәйкес қатысуға жіберілген 9 сатып алушы компания және 2 сатушы қатысты.
Қазақстанда битумға сұраныс әрқашан жоғары, әсіресе жол және құрылыс жұмыстары жанданатын көктем-жаз кезеңінде тұрақты түрде жоғары.