×

Астанадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығында «Үміт әрдайым жанымызда» анимациялық фильмінің тұсаукесері болып өтті

Даурен Омаров 31.07.2025 | 16:35
Астанадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығында «Үміт әрдайым жанымызда» анимациялық фильмінің тұсаукесері болып өтті
Мәдениет және ақпарат министрінің баспасөз қызметі

Астанадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығында «Үміт әрдайым жанымызда» анимациялық фильмінің тұсаукесері болып өтті. Бұл тұсаукесердің ерекшелігі - ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналады. Анимация осындай айрықша бүлдіршіндердің армандары мен өмірін бейнелейтін маңызды жоба.

19 жастағы Диана Мұрзағалиеваның сценарийі бойынша түсірілген бұл қысқаметражды мультфильм 2023 жылғы питчинг байқауының жеңімпазы болған. Сол секілді Диананың өзі де оңалту процесін бастан өткерген жас стартапер, волонтер және әлеуметтік бастамалар жетекшісі ретінде халықаралық деңгейде «Уэльс ханшайымы Диананың» сыйлығын алған дарын.

Фильмді анимация саласындағы тәжірибелі режиссер Қуаныш Нағыз түсірген, ол Ол "Үш сый", "Менің атым Қозы", "Трансформер тұлпарлар", "Бақашабақ" және "Қожанасыр мен ұрылар" сынды жобаларымен танымал.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басшысы Құрманбек Жұмағали мұндай жобалардың балалардың дүниетанымын қалыптастырудағы маңызын атап, мемлекеттің инклюзивті жобаларды қолдауды жалғастыратынын жеткізді.

«Бұл фильм балаларға үміт сыйлап, қоғамды мейірімділікке үндейді. Мемлекет инклюзивті бағыттағы жобаларға қолдауды жалғастыра береді», – деді ол.

Айтуынша, осы мақсатта ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен бірнеше жаңа анимациялық жоба әзірленіп жатыр. Олардың қатарында "Команда А", "Алан туралы аңыз", "Жібек" және "Бәйтерек туралы аңыз" мультфильмдері бар.

Жалпы елімізде балалар контентіне қолдау күшейіп келеді. Мәжілісте 2025 жылғы бюджетте ұлттық фильмдер мен мультфильмдер түсіру үшін ел бюджетінен 3,7 млрд теңге бөлу мәселесін қарастырғаны белгілі. Сол секілді аударманың өзіне бөлінген қаржы 1 млрд теңгеден асып отыр.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, Осы мақсатта 2024 жылы ел бюджетіне 3 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Ол қаржыға өткен жылдың өзінде 13 киножоба, 2 деректі фильм және 3 анимациялық фильм түсіріліп, прокатқа шығарылған.

Министрдің сөзінше, биылдан бастап жобаларды іріктеу ережесі түбегейлі өзгерген. Енді нақты жобалар емес, сценарийлер байқауы өткізіледі, және сол байқаудың нәтижесінде туындылар шығарылады.

«Бұл өзгерістер халыққа жаңа, сапалы өнімдер ұсынуға мүмкіндік береді», - дейді министр.

Балаева ханымның өз сөзінде анимация саласына деп бөлінген 1 миллиард теңгеге жуық қаражат үш бағытқа бөлінетінін атап өтті: дистрибьюция, дубляждау және анимациялық контентті дамыту.

«Біздің 4 туындымыз шетел прокатына шықты. Дубляждау мәселесінде қиындықтар бар, өйткені бекітілген ережелерге сәйкес келетін ұйымдар табылмады. Сондықтан ережелерді қайта қарастырып жатырмыз», – деді министр.

Ол сондай-ақ балалар контентінің тапшылығын жою мақсатында екі негізгі бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Нақты айтар болсақ, «Қазақфильм» арқылы және «Балапан» телеарнасы мен жеке меншік ұйымдармен бірлескен жобалар арқылы.

Министрдің мәліметінше, қазақ анимациясын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде, себебі балаларға арналған контенттің маңызы зор.

«Бұл шаралар ұлттық кинематография мен анимацияны дамытуға бағытталған маңызды қадам болғанымен, олардың тиімділігі мен нәтижесі алдағы уақытта анықталады», - дейді ол.