Лудомания - қоғам дерті

Елімізде Мемлекет басшысы Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан тағы бір жоба - лудоманияға қарсы күрес екені белгілі. Себебі, соңғы жылдары лудомания (құмар ойынға тәуелділік) мәселесі елімізде шешілуі қиын әлеуметтік түйткілдің біріне айналып кетті. 2023 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қауіпсіздік кеңесінде лудоманияға қарсы шаралар талқыланды. Осыған байланысты 2024 жылы Үкімет заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы күрестің 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдады.
Жоспар төрт негізгі бағыт бойынша 44 іс-шараны қамтиды және құмар ойындарға қатысушылар санын азайтуға, заңсыз ойын бизнесін жоюға және халықтың әлеуметтік сауатын арттыруға бағытталған.
Кешенді жоспарға сәйкес ел үкіметі алдында құмар ойындарға қатысушылар санын азайту мәселесі қойылды.
Яғни 2024-2026 жылдары құмар ойындарға және бәс тігуге тұрақты қатысатын адамдар санын 350 000-нан 201 600-ге дейін төмендеуі тиіс.
2024 жылы – 35 000 (10%);
2025 жылы – 63 000 (20%);
2026 жылы – 50 400 (20%).
Ол үшін ел аумағындағы заңсыз сайттарды бұғаттау қажеттілігі туындап отыр. Осы мақсатта интернет-казинолар мен заңсыз букмекерлік сайттардың санын 4500-ден 7722-ге дейін ұлғайту талабы қойылды.
2024 жылы – 450 сайт (10%);
2025 жылы – 990 сайт (20%);
2026 жылы – 1782 сайт (30%)
Бүгінде кешенді жоспар аясында біршама жұмыстар қолға алынып жатыр. Жаңа заңға сәйкес, Қазақстан аумағында онлайн-казиноларға тыйым салынды. Бұл талапты бұзғандар 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сол секілді Туризм және спорт министрлігі лицензиясыз шетелдік букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың тізімін жүргізуге уәкілеттілік алды. Банктер мен төлем ұйымдарына онлайн-казинолардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салынды.
Лудоманиямен күресу үшін арнайы білім беру бағдарламалары енгізілуде. Мектептерде жоғары сыныптарда қаржылық сауаттылық курстары жасақталып жатыр. Кейбір сарапшылар бұл курстарды төменгі сыныптардан бастау қажет екенін айтады. Сонымен қатар, халық арасында ақпараттық кампаниялар жүргізіліп, құмар ойындардың қаупі туралы түсіндіру жұмыстары күшейтілуде.
Қазақстандағы заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы күрестің 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары заңнамалық, технологиялық және әлеуметтік шараларды қамтиды. Жарнамаға қатаң шектеулер, биометрикалық бақылау, заңсыз сайттарды бұғаттау және халықтың сауаттылығын арттыру арқылы құмар ойындардың зиянын азайту көзделуде.
Жоспардың тиімділігі азаматтардың белсенділігі мен мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысына байланысты.
Егер заңсыз ойын бизнесіне тап болсаңыз, Туризм және спорт министрлігіне немесе Сенім телефонына хабарласыңыз.