×

Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі

Даурен Омаров 19.07.2025 | 10:03
Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
ашық дереккөз

«Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деп Мағжан ақын айтқандай,  елімізде ұстаз ұғымы әрқашанда қасиетті болып келген.  Яғни педагогтардың беделін арттыру ісі мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып отырғаны белгілі.

Ұстаз -  қоғамның дамуында, жастардың білім алуы мен тәрбиеленуінде шешуші рөл атқаратын маңызды мамандық иесі. Соңғы жылдары елімізде педагог мәртебесін көтеруге бағытталған бірқатар заңнамалық және практикалық шаралар қабылданды. 

Мәселен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасы бойынша «Педагог мәртебесі туралы» Заңы дайындалды. Бұл заң өз кезегінде педагогтардың әлеуметтік және кәсіби мәртебесін көтеріп, ұстаздардың қоғам алдындағы беделін көтеріп тастады.

Заң аясында педагогтардың жалақысы көбейіп, кәсіби дамуға қолдау көрсетіліп жатыр. Сол секілді ұстаздардың құқықтарын қорғау және қоғамдағы беделін көтеру мәселесі күн тәртібіне қойылды.

Заң аясында педагогтардың жалақысы біртіндеп өсіп жатыр. 2020-2024 жылдар аралығында мұғалімдердің еңбекақысы жыл сайын орта есеппен 25 пайызғаға ұлғайтылды. Биылғы жылы одан әрі арттыру жоспарланып отыр, бұл ұстаздардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізуде. Сонымен қатар, заң педагогтарды негізсіз міндеттерден босатып, олардың тек оқыту мен тәрбиелеуге шоғырлануына мүмкіндік берді.

Мемлекеттік қолдау және марапаттау жүйесі

Қазақстанда педагогтардың еңбегін бағалау үшін бірқатар марапаттау жүйелері енгізілген. Заң аясы негізінде «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы алғаш рет мұғалімге берілді, бұл ұстаз еңбегінің жоғары құрметке ие екендігін көрсетті.

Сол секілді 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Халық алғысы» медалі енгізілді, ол педагогтардың қоғам алдындағы еңбегін мойындауға арналған. Сонымен қатар, «Үздік педагог» конкурсы жыл сайын өткізіліп, жеңімпаздарға қомақты сыйақы беріледі.

2025 жылғы деректер бойынша, бұл конкурсқа қатысуға өтінімдер саны артып, педагогтардың кәсіби белсенділігінің өскенін байқауға болады. Мұндай бастамалар ұстаздардың қоғамдағы орнын нығайтып, жастарды педагогикалық мамандыққа тартуда.

Педагогтардың кәсіби дамуы

Педагогтардың біліктілігін арттыру – олардың беделін көтерудің маңызды құрамдас бөлігі болып отыр. Яғни 2019 жылдан бастап тұрақты түрде мемлекеттік бюджет есебінен біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылып, педагогтарға тегін оқу мүмкіндігі беріліп келеді.

Бұл курстардан кейін де ұстаздарды сүйемелдеу жалғасады, бұл олардың алған білімдерін практикада тиімді қолдануына ықпал етеді.