×

Болашақ педагогтарды қолдау деңгейі қандай?

Даурен Омаров 28.07.2025 | 10:11
Болашақ педагогтарды қолдау деңгейі қандай?
ашық дереккөз

Елімізде жас мамандарға деген сұраныс ешқашан төмендеген емес. Әсіресе, білім беру саласындағы жас мамандарға деген сұраныс өте жоғары. Педагог мамандығына жастарды тарту үшін мемлекеттік деңгейде бірқатар шаралар қабылдануда.

2020 жылы Президенттің тапсырмасымен болашақ педагогтардың стипендиясы 26 000 теңгеден 42 000 теңгеге дейін өсті. Бұл педагогикалық мамандықтардың тартымдылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарында білім беру бағдарламалары жаңартылып, студенттердің заманауи талаптарға сай дайындалуына мүмкіндік жасалуда. Келесі жылдан бастап шәкіртақы көлемі тағы өскелі отыр.

Сонымен қатар педагог мамандығына жастарды тарту мақсатында 2020 жылы қабылданған біліктілік санаттарын беру және растау қағидалары педагогтардың портфолиосын бағалаудың ашық әрі әділ жүйесі енгізілгені белгілі. Мысалы, педагогтардың соңғы 3 жылдағы жетістіктері (оқушылардың олимпиадалардағы нәтижелері, әдістемелік материалдар әзірлеу, мастер-кластар өткізу) ескеріледі. Бұл жүйе өз кезегінде ұстаздарды үздіксіз дамуға ынталандырды. Әрі білім саласына жас мамандардың көптеп келуіне жол ашты.

Қоғамдағы ұстаз бейнесі

Әрине, ұстаздардың беделін көтеру тек материалдық қолдаумен шектелмейді. Қоғамда педагогтардың рөлін үнемі насихаттау маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Ұлттық кеңестің отырыстарында ұстаздардың қоғамдағы орнын нығайту қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Бұқаралық ақпарат құралдарында педагогтардың жетістіктері жарияланып, олардың еңбегіне құрмет көрсетілуде.

Мысалы, «Ұстаз мәртебесі — ұлт беделі» тақырыбындағы дөңгелек үстелдер мен конференциялар ұйымдастырылып, онда педагогтардың қоғамдағы рөлі талқыланады. Мұндай шаралар ұстаздардың өз мамандығына деген сенімділігін арттырып, қоғамның оларға деген құрметін күшейтеді.

Сонымен қатар елімізде педагогтардың беделін арттыру ғана емес шешімін табуды қажет ететін мәселелер жіті зерделеніп жатыр деуге болады. Мәселен, ауылдық жерлердегі мұғалімдердің әлеуметтік жағдайы нақтыланып, кейбір педагогтардың цифрлық технологияларды меңгеруіне жағдай жасалуда.

Осы мақсатта 2025-2030 жылдарға арналған білім беру стратегиясы қабылданып,  біршама шаралар жоспарлануда:

Ауыл мектептеріндегі педагогтар үшін арнайы жеңілдіктер енгізу;

Цифрлық білім беру платформаларын дамыту және мұғалімдерді оқыту;

Педагогикалық мамандықты таңдаған жастарға гранттар мен жеңілдіктер ұсыну.

Қысқасы, Қазақстанда педагогтардың беделін көтеру жолында біршама маңызды қадамдар жасалды.

«Педагог мәртебесі туралы» заң, жалақының өсуі, кәсіби дамуға қолдау және марапаттау жүйесі ұстаздардың қоғамдағы орнын нығайтты. Соңғы деректер бойынша, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайы жақсарып, педагог мамандығына деген қызығушылық артуда. Дегенмен, ауылдық педагогтардың жағдайын жақсарту және цифрлық білім беруді дамыту сияқты міндеттер әлі де өзекті. Мемлекет пен қоғамның бірлескен күш-жігері арқылы ұстаздардың беделі одан әрі арттыра түсері сөзсіз.