Қоғамдық мүддені жеке мүддеден жоғары қойған қоғам озады

Қазақстан Республикасы сыбайлас-жемқорлыққа қарсы күресті мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындап, бұл бағытта кешенді шараларды жүзеге асыруда. Соның ішінде әсіресе жастар арасында сыбайлас-жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру мақсатын көздейтін шараларға айрықша маңыз беріліп келеді. Себебі жастар – мемлекетіміздің болашағы.
Жастарды тәрбиелеу – қоғамның болашағын қалыптастырудың маңызды бөлігі. Қазақстанда жастарды тәрбиелеу процесі ұлттық құндылықтарды, патриоттық рухты, адамгершілік және азаматтық жауапкершілікті нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар жастар мен мектеп оқушылары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру – болашақта адал, жауапкершілігі мол және заңға бағынатын ұрпақ тәрбиелеудің негізі болып отыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана – бұл адалдық, парасаттылық және заңға құрметпен қарау сияқты құндылықтарды қалыптастыру. Жастар арасында бұл сана ерте жастан бастап орнығуы керек, өйткені олар болашақта қоғамның белсенді мүшелері болады. Оқушыларды заңдылыққа, әділдікке және қоғамдық мүддені жеке мүддеден жоғары қоюға тәрбиелеу сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға ықпал етеді.
Мектептердегі негізгі шаралар
Мектептер жастарды тәрбиелеудің басты ортасы болғандықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыруда білім беру жүйесінің рөлі зор. Мәселен осы мақсатта «Адал ұрпақ» клубтары жұмыс істейді. Мақсаты - оқушылар арасында адалдық, әділдік және заңға бағыну құндылықтарын насихаттау.
Бұл клубтарда оқушылар сыбайлас жемқорлықтың теріс салдары туралы білім алады, шығармашылық жобаларға (эссе, сурет байқаулары) қатысады және қоғамдық шараларға тартылады.
Сол секілді «Саналы ұрпақ – мәңгілік ел болашағы» форумдары өткізіліп тұрады. Бұл оқушылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұстанымдарын нығайтады.
Тәрбие сағаттары мен тақырыптық сабақтар
Мектептерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптарға арналған тәрбие сағаттары өткізіледі. Оларда оқушыларға сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін зияны, заң бұзушылықтың салдары және адалдықтың маңызы түсіндіріледі.
Оқу бағдарламаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру элементтері енгізілген. Мысалы, қоғамтану, тарих және құқық негіздері пәндерінде тиісті тақырыптар қамтылады.
Шығармашылық және практикалық жобалар
Оқушылар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта эссе, сурет салу және бейнероликтер жасау байқаулары ұйымдастырылады. Бұл шығармашылық жұмыстар оқушылардың сыни ойлауын және азаматтық ұстанымын дамытады.
Дебаттар мен пікірталастар арқылы да оқушылар сыбайлас жемқорлықтың этикалық және әлеуметтік аспектілерін талқылаудың маңызы зор.
Жоғары оқу орындарындағы бастамалар
Жастардың, әсіресе студенттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастыру үшін жоғары оқу орындарында арнайы бағдарламалар жүзеге асырылады.
Қоғамдық ортаның да маңызы зор. Мектеп пен жоғары оқу орындарындағы мұғалімдер мен кураторлар оқушылар мен студенттерге рөлдік модель болып, оларды заңға құрметпен қарауға баулиды.
Жастар мен мектеп оқушылары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру – Қазақстанның болашағын нығайтудың маңызды қадамы болмақ.