×

Тарихи жекпе-жек: Тоғызқұмалақ чемпиондары жасанды интеллектпен сайысты

Даурен Омаров 07.08.2025 | 22:54
Тарихи жекпе-жек: Тоғызқұмалақ чемпиондары жасанды интеллектпен сайысты
Тоғызқұмалақ федерациясы

Елордада жасанды интеллект пен тоғызқұмалақ чемпиондары арасындағы сайыста жеңімпаздар анықталды. Қазақстанда алғаш рет тоғызқұмалақтан ел чемпиондары мен жасанды интеллект арасында тарихи ойын өтті, деп хабарлайды Adaladam.kz сайты Ertenmedia.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл адамзат ақылы мен цифрлық алгоритмді тоғыстырған зияткерлік бәсеке болды. «ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ЧЕМПИОНДАРЫ vs ЖИ» атты ерекше іс-шара 2025 жылдың 7 тамызында Астана қаласындағы Денешынықтыру және бұқаралық спорт академиясы (APEMS) алаңында ұйымдастырылды. Тоғызқұмалақтың Әлем чемпионадары Асылхан Қожанәсіп (ХДСШ) пен Аяна ИСАХАН (ХДСШ) жасанды интеллектке қарсы тоғызқұмалақтың классика түрінен сайысқа түсті. Олардың әрқайсысы бір ойыннан жеке кездесіп, нәтижесінде 2:0 есебімен жасанды интеллектке есе жіберді.

«Біз бүгін тоғызқұмалақ тарихындағы ерекше тарихи сәтті басымыздан кешіріп тұрмыз. Тұңғыш рет тоғызқұмалақтың үздік ойыншылары жасанды интеллектпен ойнады. Бұл ерекше шараны біз ұлы Абайдың 180 жылдығына арнап отырмыз. Мұның да өз заңдылығы бар. Себебі Абай өзі ғана ойнап қана қоймай, айналасына тоғызқұмалақшыларды жинап, мектеп қалыптастарған. Тоғызқұмалақ Кеңес идеологиясының қысымымен жоғала жаздаған тұста оның жандануының басы-қасында Мұхтар Әуезов болды. Бұл да бір сабақтастық. Ғасырлар бойы тоғызқұмалақ үздіктерді анықтау ғана емес, жастарды тәрбиелеу құралы болып келеді»,- деді бүгінгі шараның ашылу салтанатында сөйлеген Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов.

Тоғызқұмалақ шеберлерінің қарсыласы күрделі алгоритмдермен жұмыс істейтін интеллектуалды компьютерлік бағдарлама. Бұл адам мен жасанды интеллект арасындағы ойын форматына құрылған заманауи IT шешімдердің көрінісі. Бұл — тек ойын емес. Бұл — ұлттық дәстүр мен технологияны тоғыстырған тарихи сәт. Айта кету керек, зияткерлік спортты жаңа деңгейге көтеруді мақсат еткен бұл жобаның техникалық негізін қалаған — жас әрі дарынды бэкенд әзірлеуші Нурске Абылай.

«Тарихқа қарасақ,  1997 жылы шахмат сияқты күрделі ойында Каспаровты компьютер жеңді. Алайда шахматты ойнауды ешкім тастап кеткен жоқ. Адамдар өзарасында үздіктерді анықтай береді. Ол – жарыс. Ал жаңа технология адамның мүмкіндігін ары қарай кеңейтіп, бірге өмір сүреді. Енді жасанды интеллектің алдында біздің Аяна мен Асылхан да қобалжыған шығар. Біз жанкүйер болып отырдық. Екінші жағынан біз бағдарламаның да жақсы болғанын қалап отырдық. Біз екі жағына да жанкүйер болдық десем болады. Осы жүйені, яғни тоғызқұмалаққа жасанды интеллект көмегімен ойын ұйымдастырып отырған жас новатор Абылай Нұрске алғыс айтамыз. Жасанды интеллект деңгейіне шыққанымыз құтты болсын»,- дейді Әлихан Байменов.

Заман ағымына сай Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясы, ҚР Тоғызқұмалақ федерациясы ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен жаңа технологияларды тоғызқұмалақтың дамуына пайдаланып келеді. Арнайы мобильдік қосымшаларды айтпағанда АҚШ, Канада және өзге дамыған елдердің аумағында ең көп ойналатын ойын ретінде ерекшеленіп отыр. Ал жаңа буын өз бойында ұлттық мұрамызға құрмет пен заманауи технологияларды ұшастырып, бүгінгідей деңгейге жеткізгенін атап айтуға болады. Тоғызқұмалақ чемпиондары мен жасанды интеллект арасындағы тарихи жекпе-жек тіркелді. Цифрлық дәуірдегі тоғызқұмалақ пен ақылды машинаның арасындағы ойындар кеңінен насихатталып, алдағы уақытта бұл сала дами береді.

Әлемде тұңғыш рет ЮНЕСКО мойындаған ойындардың ішінде жасанды интеллект адамды жеңді. Тоғызқұмалақ ойыны 2020 жылдың 17 желтоқсанындағы ЮНЕСКО-ның кезекті сессиясында адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының Репрезентативтік тізіміне енгізілді.

ЖИ-ге қарсы еліміздің зияткер спортшылары төмендегідей:

Аяна Исахан

– Бес дүркін Қазақстан чемпионы

– Оқушылар арасындағы тұңғыш Әлем чемпионы

– Жастар арасында Азия чемпионы

– Әйелдер арасында Азия және Әлем чемпионаттарының жүлдегері

– V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының чемпионы

Асылхан Қожанәсіп

– Халықаралық дәрежедегі спорт шебері

– Әлем чемпионы

– Тұңғыш «Қазақстан Зияткері» атағының иегері

– 2024 жылғы «Алтын Тұғыр» ұлттық сыйлығының лауреаты

– V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының чемпионы