×

Азаматтық қоғамсыз тұрақты даму мүмкін емес

Даурен Омаров 09.07.2025 | 15:45
Азаматтық қоғамсыз тұрақты даму мүмкін емес
Adaladam.kz

Қазіргі әлемде елдің өркендеуін жер асты байлығымен емес, азаматтық қоғамның дамуымен өлшейді. Азаматтардың белсенділігі, қоғам өміріне араласуы – кез келген мемлекеттің тұрақтылығы мен болашағының кепілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауында азаматтық қоғамның әлеуетін нығайтып, маңызды шешімдерге халықты кеңінен тарту қажеттігін атап өткен болатын.

Азаматтық қоғам – мемлекеттің серіктесі. Ол биліктің әрекетін сынай беретін оппозиция емес, ел дамуына үлес қосатын күш. Халық тек «мемлекет бізге не береді?» деп күтпеуі тиіс. Керісінше, «біз мемлекетке не бере аламыз?» деген ойға дағдылануы қажет. Дегенмен елімізде бұл үдеріс әлі де қалыптасу үстінде.

Соңғы жылдары азаматтық секторда оң өзгерістер байқалады. Үкіметтік емес ұйымдардың саны артты, еріктілер қозғалысы мен қайырымдылық қорлары кеңейіп келеді. Әсіресе экология, әлеуметтік мәселелерді көтеруде азаматтардың ықпалы артып отыр. Қоғамдық тыңдаулар, ашық бюджетті талқылауларда халықтың үні естіліп, кейбір жобалардың тоқтатылуына да ықпал етті.

Мемлекет тарапынан да маңызды бастамалар қолға алынды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы енгізіліп, билік пен қоғам арасындағы ашық диалогқа жол ашылды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Волонтерлік қызмет заңмен бекітіліп, жастардың белсенділігіне жаңа мүмкіндік берілді.

Ақпараттық технологиялар да азаматтық белсенділікті арттыруға жағдай жасады. Электронды үкімет порталы арқылы халық мемлекеттік қызметтермен қатар, түрлі бастамаларға пікір білдіріп, ұсыныстарын жолдай алады. Жергілікті деңгейде бюджет жобасын тұрғындар талқылап, шешім қабылдауға қатысу тәжірибесі енгізілді. 

Әрбір мемлекет үшін ең жақсы модель – азаматтық қоғам. Билік халықтың пікіріне тәуелді болғанда ғана әділетті жүйе орнайды. Сондықтан әр азамат өз үйінен бастап елге жауапкершілікпен қараса, қоғам күшейіп, мемлекет те қуатты болмақ.