Елдің берекесін заң мен тәртіп қана арттырады
                                                                Әділетсіз қоғамның алысқа бармайтынын тарих әлдеқашан дәлелдеген. Заң үстемдігі жоқ жерде бейберекет орнайды, ал тәртіп әлсіреген тұста қоғамның бірлігі шайқалады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осы шындықты алға тартып, ел дамуының басты шарты ретінде «заң мен тәртіп» қағидасын ұсынды.
Соңғы жылдары елдің құқықтық жүйесінде үлкен өзгерістер болды. Соттар бұрынғыдай жабық есік жағдайында шешім қабылдайтын дәуір артта қалды. Қазір сот отырыстары онлайн көрсетіліп, халықтың сеніміне бір табан жақындады. Әділ шешім шығару үшін судьялардың кәсібилігіне қатаң талап қойылып отыр.
Полицияның да бейнесі өзгере бастады. «Халықтық полиция» тұжырымдамасы қабылданып, тәртіп сақшыларының міндеті тек қылмыскерді ұстау емес, қарапайым азаматтың сенімді қорғаушысына айналу болды.
Ал жемқорлықпен күрес – ең күрделі әрі ең қажет бағыт. Соңғы жылдары бұрынғыдай «лауазымды адамды жауапқа тарту мүмкін емес» деген түсінік сейіле бастады. Қоғамға үлгі боларлық істер қозғалып, заңның ешкімге «қол бұлғап өтпейтінін» көрсетті. Бұл – халыққа үміт сыйлаған үлкен қадам.
Қаржының ашық жұмсалуы да қоғамның қолына берілген тетікке айналды. Бюджет шығыстары мен мемлекеттік сатып алулар жарияланып, азаматтар «ел ақшасы қайда кетіп жатыр?» деген сұраққа жауап таба бастады.
Дегенмен, заң мен тәртіп орнату – бір күндік іс емес. Әлі де болса сот залында әділетсіз шешімге жол берілетінін халық сезінеді. Полицияның мәдениеті толық қалыптасып болған жоқ, қарапайым тұрғынға дөрекілік танытатын оқиғалар да кездеспей қоймайды.
Жемқорлықпен күресте жоғарыдан басталған қарқын бар, бірақ төменгі буында тамырын тереңге жайған «ұсақ парақорлық» күнделікті өмірде әлі де кесе-көлденең шығады. Ал қоғамның құқықтық сауаты мен заңға бағыну мәдениеті – бөлек әңгіме. Әр азамат өзінің құқығын қорғай білмейінше, заң да толық үстемдік ете алмайды.
Заң мен тәртіп – жай ғана саяси ұран емес, мемлекеттің болашағын айқындайтын бағдаршам. Ол елдің тыныштығын, қоғамның әділеттілігін, әр азаматтың сенімін қамтамасыз ететін басты құндылық.
Президент Тоқаев айтқандай, «Заң бәрінен биік тұрғанда ғана ел мықты болады». Сондықтан бұл қағиданы билік те, қоғам да, әрбір азамат та бойына сіңірмейінше, әділетті Қазақстан толық қалыптаспақ емес.