Қызылордада жаңғыртылған Президент паркі ашылды
Қызылорда қаласында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысуымен қайта жаңғыртылған Президент паркінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға құқық қорғау органдарының басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен өңірдің барлық ауданынан келген делегаттар қатысты.
Аймақ басшысы тұрғындарды жаңа демалыс орнының ашылуымен құттықтап, өңірде «Таза Қазақстан» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, бұл бастама халық арасында тазалық мәдениетін қалыптастырып, елді мекендерді көркейтуге жаңа серпін берген.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық мәдениетті арттырудың маңызын атап өткен болатын. Өңірде бюджет қаржысы мен демеушілердің қолдауымен қоғамдық кеңістіктер, ойын және спорт алаңдары, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар жаңартылып жатыр.
Қызылорда қаласында соңғы жылдары ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, 2,9 млрд теңгеге 83 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті жаңартылып, биыл қосымша 21 үй қайта жөнделуде. Сондай-ақ өткен жылы 20 тұрғын үйдің аулалары абаттандырылып, балалар және спорт алаңдары салынған.
Жаңадан ашылған Президент паркі заманауи талаптарға сай толық жабдықталған. Саябақ аумағында субұрқақтар, амфитеатр, спорт және ойын алаңдары, шахмат, баскетбол, футбол аймақтары, би алаңы, сондай-ақ биіктігі 50 метрлік шолу дөңгелегі орнатылған. Бұдан бөлек, велосипед және жүгіру жолдары, санитарлық пункттер қарастырылған.
Жалпы аумағы 31 гектарды құрайтын саябаққа 2 мыңнан астам ағаш, 50 мыңнан астам сәндік бұта және 17 түрлі көпжылдық гүл егілген.
Саябақ маңында бірқатар ірі жобалар да жүзеге асырылуда. Олардың қатарында 300 орындық балалар лагері, ботаникалық білім беру орталығы, көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы бар. Сонымен бірге, 200 орындық перинаталдық орталық салынып жатыр. Ал алдағы уақытта жаңа драма театры мен Президенттік кітапхана құрылысы басталмақ.
Аймақ басшысы саябақты сапалы қайта жаңғыртқан «Алем Құрылыс» компаниясына алғыс білдірді.
Салтанатты рәсім барысында мердігер ұйым өкілдері мен экологиялық акцияларға белсенді қатысқан еріктілер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Қоғам қайраткері Жарылқасын Шәріпов жобаға оң бағасын беріп, ізгі тілегін жеткізді.