×

Қазақстанда балаларға психологиялық және құқықтық көмек көрсететін кабинеттер ашылады

Adal Adam 02.03.2026 | 19:21
Қазақстанда балаларға психологиялық және құқықтық көмек көрсететін кабинеттер ашылады
Фото: Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстанда зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға арналған мамандандырылған көмек кабинеттерін ашу жоспарланып отыр. Бұл кабинеттерде кәмелетке толмағандарға «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Жаңа форматтағы кабинеттерде балаларға қолайлы ортада түрлі қызметтер бір жерде ұсынылады. Мұнда алғашқы психологиялық көмек көрсетіліп, сот-медициналық сараптама жүргізіледі, сондай-ақ бейінді мамандардың қатысуымен сауалнама алынады. Мұндай тәсіл баланың бірнеше ұйымға жүгіну қажеттілігін азайтып, психологиялық тұрғыдан қайта жарақат алуына жол бермеуге бағытталған.

Бұл бастама 2025 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы қол қойған «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында қарастырылған. Аталған норма 2026 жылғы 2 наурыздан бастап күшіне енеді. Алдағы уақытта кабинеттердің қызмет қағидалары бекітіліп, оларды өңірлерде кезең-кезеңімен ашу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар заң аясында зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке немесе буллингке ұшыраған, сондай-ақ оның куәсі болған кәмелетке толмағандарды анықтау және оларға көмек көрсету тәртібі әзірленді. Құжатта мұндай балаларды анықтау алгоритмі, қолдау көрсету тетіктері және түрлі мекемелердің өзара іс-қимылы қарастырылған.

Атап айтқанда, мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары, 111 байланыс орталығы, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен өңірлік уәкілдер арасында өзара әрекет ету жүйесі қалыптастырылады. Бұл балаларға уақтылы көмек көрсетіп, ведомствоаралық жұмысты тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Жаңа бастама зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларды қорғауды күшейтіп, оларға қажетті психологиялық, медициналық және құқықтық көмекті жедел әрі кешенді түрде көрсетуге бағытталған.