×

Жаһандық жылыну азық-түлік қауіпсіздігіне қалай әсер етеді?

Даурен Омаров 25.03.2026 | 18:13
Жаһандық жылыну азық-түлік қауіпсіздігіне қалай әсер етеді?
Gov.kz

Климаттың өзгеруі азық-түлік өндірісі мен экономикаға қалай әсер етіп отырғанын түсіну аса маңызды. Себебі әлем бұрын-соңды кезікпеген қиындыққа тап келіп, гуманитарлық дағдарысқа жақындай түсуде. ОСы орайда маңызды мәселені сарапшылар пікіріне сүйене отырып талдадық.

XXI ғасырдағы ауқымды қатер

Қазіргі таңда адамзат алдында тұрған ең ауқымды жаһандық сын-қатерлердің бірі – климаттың ауысуы. Ғалымдардың деректеріне сүйенсек, соңғы 100 жыл ішінде Жердің орташа температурасы шамамен 1,2 градусқа көтерілген. Бұл – табиғи тепе-теңдікке тікелей әсер етіп, экологиялық, әлеуметтік және экономикалық жүйелерді біртіндеп өзгертіп отырған ұзақ мерзімді процесс.

Климатологтардың айтуынша, жылынудың әрбір қосымша градусы әлемдік жүйеге жаңа тәуекелдер әкеледі. Мәселен, температура 2 градусқа көтерілсе, аптап ыстық жиілеп, орман өрттері көбейеді, ауыл шаруашылығы өнімділігі төмендейді. Соның салдарынан азық-түлік тапшылығы күшейіп, климаттық миграция үдерісі үдеуі мүмкін.

Осы үрдіс одан әрі тереңдесе, 3-4 градусқа дейінгі жылыну сценарийі тіпті күрделі салдарға әкеледі. Мұндай жағдайда Антарктида мен Гренландия мұздықтарының еруі үдеп, теңіз деңгейінің көтерілуіне себеп болады. Бұл әлемнің ірі жағалаудағы қалалары үшін су басу қаупін күшейтеді.

Ал ең экстремалды сценарий – 5-6 градусқа дейінгі жылыну. Бұл кезде мұздықтардың кең көлемде еруі биосфералық тепе-теңдікті бұзып, тұтас мемлекеттердің жойылу қаупін туындатуы мүмкін. Яғни климаттың өзгеруі бүгінде тек экологиялық емес, өркениеттік қауіп деңгейіне көтеріліп отыр.

Сарапшылар неге алаңдаулы?

Осы жаһандық қауіптер аясында халықаралық климаттық саясаттың тиімділігі де жиі сынға алынып келеді. Назарбаев университетінің экология жүйесі зертханасының жетекшісі, профессор Вуджин Ли бұл бағыттағы олқылықтарға назар аударады.

– Париж келісімі бойынша елдер парниктік газдар шығарындыларын азайтып, жаһандық жылынуды 1,5 градус деңгейінде ұстап тұруға келіскен. Алайда іс жүзінде мемлекеттердің тек 10 пайызы ғана өз есептерін толық ұсынған. Сонымен қатар елдердің климаттық мақсаттары жеткілікті деңгейде амбициялы емес, ал қаржыландыру мен міндеттемелер жүйелі түрде өспей отыр. Бұл – өте қиын жағдай, – дейді профессор.

Аталған пікір халықаралық деңгейде қабылданған келісімдер мен нақты орындалып жатқан шаралар арасында алшақтық бар екенін көрсетеді. Демек, климаттық қауіп күшейген сайын, саяси шешімдер мен нақты әрекеттердің арасындағы айырмашылық та артып отыр.

Климат пен экономика байланысы: Арал тәжірибесі

Бұл алшақтықтың салдары тек саясатта емес, нақты аймақтық экожүйелерде де көрініс табуда. Соның айқын мысалы – Арал теңізінің экологиялық апаты.

Су ресурстарын тиімсіз пайдалану, ауыл шаруашылығын шамадан тыс дамыту және экожүйелік тепе-теңдікті елемеу нәтижесінде Арал теңізі тартылды. Оның орнында тұзды шөл пайда болып, топырақ құнарсызданды.

Салдары да өте ауыр. Аймақтың климаттық жағдайы өзгеріп, ауаға тұзды шаң тарады, бұл халық денсаулығына кері әсер етті. Сонымен қатар өңір экономикасы әлсіреп, балық шаруашылығы толық жойылды. Яғни бұл жағдай климат пен экономиканың қаншалықты тығыз байланысты екенін айқын көрсетеді.

Осылайша, табиғи ресурстарды басқарудағы қателік тек экологияға емес, тұтас өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына әсер ететінін Арал тәжірибесі дәлелдеп отыр.

Ауыл шаруашылығы – ең осал сала

Қалыптасқан мәселе ең алдымен ауыл шаруашылығына әсер етуде. Nature журналында жарияланған зерттеулерге сәйкес, парниктік газдардың орташа сценарийінде негізгі дақылдардың өнімділігі XXI ғасыр соңына қарай орта есеппен 11,2%-ға төмендеуі мүмкін. Бұл – тек статистикалық болжам емес, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қауіп. Мысалы, АҚШ-тың Орта Батыс аймақтарында жүгері өнімділігі 2040 жылға қарай 15–20%-ға төмендеуі ықтимал.

Бұл үрдісті климаттық апаттар одан әрі күшейтіп отыр. Өткен жылдардағы жағдайлар соның дәлелі. Атап айтқанда, Тәжікстанда су тасқыны күріш алқаптарын жойса, Испанияда жауын-шашын жылыжай шаруашылығына зиян келтірді, ал Австралияда циклондар банан өндірісін 30-40%-ға азайтты.

Вагенинген университетінің зерттеулері ауыл шаруашылығы аймақтарының онжылдық сайын 20-30 шақырымға ығысып жатқанын көрсетеді. Бұл бір ұрпақ ішінде аграрлық географияның түбегейлі өзгеруі мүмкін екенін білдіреді.

Азық-түлік бағасының өсуі және әлеуметтік салдар

Ауыл шаруашылығындағы осындай өзгерістердің тікелей салдары – азық-түлік бағасының қымбаттауы. Барселона суперкомпьютерлік орталығының (BSC-CNS) зерттеуіне сәйкес, 2022-2024 жылдары экстремалды ауа райы көптеген негізгі өнімдердің бағасына тікелей әсер еткен.

Мысалы, Ұлыбританияда картоп бағасы 22%-ға өсті, АҚШ-та көкөніс бағасы 80%-ға дейін қымбаттады, ал Еуроодақта зәйтүн майы 50%-ға көтерілген. Бұл өзгерістердің басты себебі – қуаңшылық пен климаттық тұрақсыздық.

Ұлыбританияның Азық-түлік қорының мәліметінше, пайдалы тағамдар бағасы зиянды өнімдерге қарағанда екі есе қымбат.

– Біз парниктік газдар шығарындыларын нөлдік деңгейге жеткізбейінше, экстремалды ауа райы құбылыстары күшейе береді. Бұл егінге зиян келтіріп, азық-түлік бағасының өсуіне алып келеді, – деген еді зерттеу жетекшісі Максимилиан Коц.

Қазақстан және экономикалық бейімделу

Осы жаһандық үрдістерден Қазақстан да тыс қалып отқан жоқ. Елде су тасқыны мен құрғақшылық сияқты табиғи құбылыстардың жиілеуі климаттық өзгерістермен тікелей байланыстырылып отыр.

– Қазақстан 2060 жылға дейін көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу стратегиясын қабылдады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, су ресурстары, орман шаруашылығы және апаттарды азайту бағыттары бойынша бейімделу шаралары жүргізілуде, – дейді Климаттық саясат департаменті директорының орынбасары Шаттық Тастемірова.

Мамандардың айтуынша, елде ұзақ мерзімді бейімделу жоспары әзірленіп жатыр. Құжат ауыл шаруашылығын қорғау, су ресурстарын тиімді басқару және экожүйелерді сақтау сияқты бағыттарды қамтиды.

Осы тұста экономикалық өлшем де ерекше мәнге ие. Қазақстандағы экономикалық зерттеу институты сарапшыларының пікірінше, климаттың өзгеруі ел экономикасына тікелей әсер ететін жүйелі тәуекелдердің бірі. Себебі бүгін тиімді болып отырған аграрлық модельдер 10-15 жыл ішінде оң динамикасын жоғалтуы мүмкін. Бұл – әсіресе дәнді дақылдар өндірісі басым өңірлер үшін маңызды қауіп.

Сарапшылар климаттық өзгеріс тек өнім көлеміне емес, өндіріс құрылымына да әсер ететінін атап өтеді. Температураның көтерілуі, жауын-шашын режимінің өзгеруі және су тапшылығы ауыл шаруашылығы географиясын қайта қалыптастырып жатыр.

Осыған байланысты кей аймақтарда вегетациялық кезең ұзарса, кей өңірлерде тұрақсыз климат өнімділікті төмендетуі мүмкін. Сондықтан климаттық факторларды ескермеген экономикалық саясат ұзақ мерзімді тәуекелдерге алып келуі ықтимал.

Сондықтан климаттың өзгеруі – экономикалық тұрақтылыққа, ауыл шаруашылығына және әлеуметтік қауіпсіздікке тікелей ықпал ететін кешенді жаһандық фактор. Климаттық тәуекелдер күшейген сайын мемлекеттер үшін басты міндет – салдарға бейімделу мен олардың алдын алуға бағытталған жүйелі әрі ұзақ мерзімді шараларды қатар жүзеге асыру болып қала береді.

Ақтілек БІТІМБАЙ