×

Батыс Қазақстанда әлеуметтік нысандар құрылысына мониторинг жүргізілді

Adal Adam 15.05.2026 | 16:00
Батыс Қазақстанда әлеуметтік нысандар құрылысына мониторинг жүргізілді
Фото: Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

БҚО әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй Казталов және Жаңақала аудандарына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жай-күйімен танысты, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Казталов ауданында облыс әкімінің орынбасары көпбейінді аурухана құрылысының барысын тексерді. Қазіргі таңда нысанда жаңа мердігер жұмысқа кіріскен. Құрылыс алаңында қажетті материалдар мен жұмыс күші жеткілікті екені айтылды.

Сондай-ақ сапар барысында «Жалпақтал–Қарасу» автомобиль жолының жағдайы қаралды. Бұдан бөлек, Н.Дүйсенғалиев атындағы мектеп пен Әбіш мектебінің ғимараттары зерделенді. Тексеріс нәтижесінде жауапты мекемелерге жаңа білім беру нысандарын салу бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Жұмыс сапары Жаңақала ауданында жалғасты. Мирас Мүлкәй «Жаңақала–Мастексай» электр желісі құрылысының барысымен танысып, «Чапаев–Жаңақала–Сайхын» автомобиль жолының 130–191 шақырым аралығындағы қайта жаңғырту жұмыстарына мониторинг жүргізді.

Сонымен қатар «Коммунал» МКК-ның қызметі мен материалдық-техникалық базасы қаралды. Жаңақала ауылында әлеуметтік осал топтарға арналып салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы да бақылауға алынды. Облыс басшылығы құрылыс сапасы мен мерзімінің сақталуын тікелей қадағалайтынын атап өтті.