Алматыда Олжас Сүлейменовтің 90 жылдық мерейтойы аталып өтті
Олжас Сүлейменов 90 жасқа толуына орай Алматыда мерейтойлық құттықтаулар қабылдады. Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысының атынан ақынның шаңырағына барып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

Президент құттықтауында Олжас Сүлейменовтің халықаралық деңгейде танылған көрнекті ақын, терең ойлы қаламгер әрі беделді қоғам қайраткері екені атап өтілді.
«Сіз Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де көрнекті ақын, терең ойлы қаламгер әрі беделді қоғам қайраткері ретінде сый-құрметке ие болдыңыз. Сіздің гуманистік идеяларыңыз ұлттық мәдениет пен қоғамдық-саяси ойдың асыл мұрасына айналып, әлемге кеңінен танылды. Бірегей шығармашылығыңыз арқылы қазақ халқының тарихи санасының жаңғыруына өлшеусіз үлес қостыңыз», — делінген құттықтауда.
Дархан Сатыбалды қаламгерге әдебиетке, қоғамдық ойдың дамуына және ядролық қаруға қарсы қозғалысқа қосқан үлесі үшін алғыс айтты. Оның айтуынша, Олжас Сүлейменовтің бастамасымен құрылған Невада-Семей қозғалысы әлемдік антиядролық қозғалыстың символына айналып, Семей ядролық полигонының жабылуына маңызды ықпал етті.

Олжас Сүлейменовтің есімі тәуелсіз Қазақстан тарихында ерекше орын алады. Ақынның шығармалары әлемнің көптеген тіліне аударылып, бірнеше рет қайта басылып шыққан. Оның әдеби мұрасы мен қоғамдық-саяси қызметі халықаралық деңгейде жоғары бағаланып келеді.