Астанада «Заң мен тәртіп» аясында оқушыларға қауіпсіздік сабақтары өткізілді
Елордадағы Мұхтар Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясында «Заң мен тәртіп» қағидаты шеңберінде мектеп оқушыларына арналған профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Іс-шараны балаларға қосымша білім берудің оқу-әдістемелік орталығы, Астана қаласының Полиция департаменті және «City Transportation Systems» компаниясы өткізді.
Жоба аясында оқушыларға жол қозғалысы ережелері, көшеде және қоғамдық көлікте өзін ұстау мәдениеті түсіндірілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулердің мақсаты – балалардың қауіпсіздік деңгейін арттырып, құқықтық тәртіпке деген жауапкершілікті қалыптастыру.
Полиция қызметкерлері арнайы сабақ барысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ оқушылар автобус аялдамалары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінде қауіпсіз жүру ережелерін тәжірибе жүзінде көрді.
Ал «City Transportation Systems» мамандары арнайы автобуста практикалық сабақ өткізіп, қоғамдық көлікті пайдалану тәртібін көрсетті. Оқушылар көлік карталарын қолдану, жол ақысын төлеу және автобустағы тәртіп сақтау ережелерімен танысты.
Айта кетейік, бір ай ішінде осындай профилактикалық кездесулер Астанадағы 12 мектепте ұйымдастырылған. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, заң мен тәртіп қағидаттарын құрметтейтін саналы азаматтарды тәрбиелеуге ықпал ететінін атап өтті.