БҚО-да әлеуметтік оңалту саласының мамандары тәжірибе алмасты
Орал қаласындағы «Ақжайық» мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалту орталығында «Әлеуметтік оңалту орталықтарының тиімді тәжірибелері және инновациялық тәсілдерді қолдану» тақырыбында республикалық семинар өтті. Іс-шараға еліміздің 8 өңірінен келген жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары, оңалту орталықтарының жетекшілері мен сала мамандары қатысты, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Семинардың негізгі мақсаты – әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді талқылау, тәжірибе алмасу, арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру және әлеуметтік оңалту бағытындағы тиімді тәжірибелерді насихаттау болды.
Іс-шараға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарының басшылары қатысты.
Семинар барысында өңірде әлеуметтік салада атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылып, мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік бейімдеу, заманауи оңалту әдістерін енгізу және қызмет көрсету сапасын жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды.
Қатысушылар Орал қаласында ашылған заманауи әлеуметтік оңалту орталығының жұмысымен танысып, мекемеде қолданылып жатқан инновациялық тәсілдер мен қызмет көрсету тәжірибесіне жоғары баға берді.
Мамандардың пікірінше, мұндай тәжірибе алмасу алаңдары әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге және мүгедектігі бар азаматтардың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді.