БҚО-да реновация бағдарламасы аясындағы үйлердің құрылысы жалғасуда
Орал қаласында мемлекеттік бағдарламалар мен жеке инвестициялар есебінен салынып жатқан бірқатар тұрғын үй кешендерінің құрылысы бақылауға алынды. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев құрылыс нысандарын аралап, мердігер компанияларға тұрғын үйлердің айналасын толық абаттандыруды міндеттеді, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Аймақ басшысы алдымен О.Исаев көшесіндегі 64 пәтерлік 9 қабатты тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Қазіргі уақытта нысанның екінші қабаты салынып жатыр. Жобаға сәйкес аумақта балалар ойын алаңы, демалыс аймақтары мен автотұрақ қарастырылған.
Ғ.Тоқай көшесінде Реновация бағдарламасы аясында салынып жатқан 5 қабатты тұрғын үйдің орнында бұған дейін апатты жағдайда тұрған бес үй болған. Қазіргі таңда тұрғындардың бір бөлігі жаңа пәтерлерге қоныстанған. Қалған отбасылар да осы үйден баспанамен қамтылады. Құрылыс алаңында 50-ге жуық жұмысшы еңбек етуде, қажетті материалдар толық жеткізілген.
Қ.Аманжолов көшесіндегі 7 қабатты тұрғын үйдің құрылысы да аяқталуға жақын. Мұнда аумақты абаттандыру және жауын-шашын суын ағызу жүйесін іске қосу жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімі Н.Некрасов көшесіндегі құрылыс нысанын да аралап, аумақты жарықтандыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар жақын маңдағы демалыс орнында тұрғындармен кездесіп, қоғамдық орындардағы тазалық пен тәртіп мәселесіне назар аударды. Вандализм деректеріне байланысты құзырлы органдарға бейнекамералар орнату және профилактикалық жұмыстарды күшейту тапсырылды.
Жәңгір хан көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдің жанындағы бизнес нысанының қасбеті жаңартылып, жаяу жүргіншілер жолы мен автотұрақ ретке келтіріліп жатыр. Ал Зачаган кентіндегі 208 пәтерлік 9 қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Тексеру барысында облыс әкімі ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған пандустардың талапқа сай жасалмағанын айтып, мердігерге қатаң ескерту жасады.
Нариман Төреғалиев барлық құрылыс компанияларына нысандарды сапалы салып қана қоймай, тұрғын үйлердің айналасын толық абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын заң талаптарына сай жүргізуді міндеттеді.