×

Үкімет басшысының орынбасары Орал ЖЭО-ны жаңғырту жұмыстарымен танысты

Adal Adam 29.05.2026 | 11:50
Үкімет басшысының орынбасары Орал ЖЭО-ны жаңғырту жұмыстарымен танысты
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, «Жайықжылуқуат» кәсіпорнындағы жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Вице-премьерге «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында атқарылып жатқан кешенді шаралар таныстырылды. Стратегиялық маңызы бар кәсіпорын Орал қаласын жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді.

2023 жылы кәсіпорында градирня толық ауыстырылып, нәтижесінде Жайық өзенінен алынатын техникалық су көлемі жылына 4 миллион текше метрге қысқарған. Сонымен қатар 1960 жылдан бері жұмыс істеп тұрған №1 турбоагрегат толық жаңартылып, стансаның қуаты қосымша 12,5 МВт-қа артқан.

Өткен жылы жапондық «Hitachi» компаниясының қуаты 28,5 МВт болатын газ турбиналық қондырғысы күрделі жөндеуден кейін қайта іске қосылды. Облыс әкімдігінің мәліметінше, қажетті қосалқы бөлшектер Жапониядағы келіссөздер нәтижесінде арнайы дайындалып жеткізілген.

Қанат Бозымбаев коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстарын сапалы әрі жүйелі жүргізуді тапсырды.

Қазіргі таңда Орал жылу электр орталығы тозу деңгейіне байланысты «қызыл аймаққа» енгізілген. 2029 жылға дейін жүргізілетін жаңғырту нәтижесінде тозу көрсеткішін 83 пайыздан 60 пайызға дейін төмендетіп, кәсіпорынды «сары аймаққа» шығару жоспарланып отыр.

Өңірде 2026–2027 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық та жалғасуда. Оның аясында Орал қаласындағы №7 жылу магистралінің 1,8 шақырымдық учаскесі қайта жаңғыртылуда. Аталған желінің тозу деңгейі 65 пайызды құрайды. Вице-премьер құрылыс-монтаж жұмыстарының барысын көріп, сапаға ерекше назар аударуды тапсырды.