×

Сейсмикалық қауіпсіздік жүйесін цифрландыру қажет – Депутат Әбутәліп Мүтәлі

Сейсмикалық қауіпсіздік жүйесін цифрландыру қажет – Депутат Әбутәліп Мүтәлі
Фото: Видеодан скрин

Парламент Мәжілісінің депутаты Әбутәліп Мүтәлі Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында еліміздегі сейсмикалық қауіпсіздік жүйесін түбегейлі жаңғырту қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды AdalAdam.kz.

Халық тығыз орналасқан және сейсмикалық белсенділігі жоғары Алматы қаласы мен Алматы облысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты басымдық. Депутат қолданыстағы азаматтық қорғау жүйесі заман талабына сай жаңартуды және халықты ерте құлақтандыру процестерін жаңа цифрлық деңгейге көшіруді қажет ететінін атап өтті.

Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, депутат сейсмикалық тәуекелдерді жай ғана тіркеуден оларды проактивті басқару форматына көшуді ұсынды. Мәселен, Жапонияның «UrEDAS» немесе АҚШ-тағы «ShakeAlert» жүйелері секілді технологиялар жер сілкінісі кезінде адам факторынсыз-ақ инфрақұрылымды автоматты түрде тоқтатып, қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді. Осы орайда, халық қауіпсіздігін арттыру үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, сейсмология саласын толық цифрландыру қажеттігі айтылды.

Депутаттың нақты ұсыныстары:

 Сейсмология саласын дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалуын қатаң қамтамасыз ету;

 Сейсмикалық қауіпті өңірлерде сейсмикалық аудандарға бөлу карталарын әзірлеуді жеделдетіп, оларды қала құрылысын жоспарлауға толыққанды енгізу;

 Мониторинг, талдау және халықты ерте құлақтандыру жүйелерін сейсмикалық тәуекелдерді басқарудың ұлттық бірыңғай контурына интеграциялау;

 Сейсмологияның цифрлық инфрақұрылымын дамытып, ведомствоаралық үйлестіруді күшейту.

Әбутәліп Мүтәлі сейсмикалық қауіп төнген жағдайда шешім қабылдаудың жылдамдығы өмір мен денсаулықты сақтаудың кепілі екенін еске салып, көтерілген мәселелер бойынша Үкіметтен заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап күтетінін жеткізді.