×

Депутат шетелден қаржы алатын ҮЕҰ-ларды бақылауды күшейтуді ұсынды

Даурен Омаров 17.06.2026 | 19:37
Депутат шетелден қаржы алатын ҮЕҰ-ларды бақылауды күшейтуді ұсынды
facebook.com/amantaj.zark.ynbek

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Амантайұлы Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдарды (ҮЕҰ) шетелдік қаржыландыруды бақылау тетіктерін күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына жолдаған депутаттық сауалында ол шетелдік гранттардың әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асырудағы рөлін мойындай отырып, мұндай қаржыландырудың кей жағдайда «жұмсақ күштің» құралына айналуы мүмкін екенін айтты.

«Әрине, елімізде шетелдік қаражат есебінен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік маңызы бар гранттық жобалардың оң нәтижелері көп. Мұндай жобаларға және олардың тиімді жүзеге асырылуына қатысты ешқандай наразылық жоқ. Алайда, шетелдік гранттық қаржыландыру тетігі "жұмсақ күштің" құралы ретінде де пайдаланылатыны жасырын емес. Кейбір жағдайларда мұндай қаржыландыру елімізде қоғамдық келісімді әлсіретуге, қазақстандық қоғамдық құндылықтар мен мемлекеттік мүдделерге қайшы келетін бөгде көзқарастар мен шетелдік саясатты ілгерілетуге бағытталуы мүмкін», – деді депутат.

Жанарбек Амантайұлының айтуынша, қолданыстағы заңнама шетелдік қаржыландыру алатын ұйымдардың қызметін толық бақылауға мүмкіндік бермейді.

Ол қазіргі таңда Салық кодексінің 56-бабы бойынша шетелдік қаржыландыру туралы есеп тек үш бағыттағы қызметпен айналысатын ұйымдарға ғана қатысты екенін атап өтті.

«Аталған тізімге кірмейтін барлық өзге қызмет түрлері мемлекеттік органдардың бақылауынан тыс қалып отыр. Мысалы, мемлекеттің мүдделеріне қайшы келетін жоба қайырымдылық қызмет ретінде көрсетіліп қаржыландырылуы мүмкін», – делінген сауалда.

Депутат сондай-ақ мемлекеттік органдар арасында ақпарат алмасудың жеткіліксіздігіне назар аударды. Оның мәліметінше, Мемлекеттік кірістер комитетінің банк операциялары туралы ақпаратқа тікелей қолжетімділігі жоқ, ал қаржылық мониторинг және банк қадағалауы органдары мұндай мәліметтерді жүйелі түрде ұсынбайды.

Сауалда шетелдік қаржыландыру алушылардың ресми тізілімі де нақты жағдайды толық көрсетпейтіні айтылған.

«Ағымдағы жылдың наурыз айында Мемлекеттік кірістер комитеті 2025 жылдың екінші жартыжылдығы бойынша мониторинг нәтижелері негізінде кезекті тізілімді жариялады. Тізілімге бар болғаны 155 шетелдік қаржыландыру алушы енгізілген. Олар шамамен 12 млрд теңге көлемінде қаражат алған», – деді мәжілісмен.

Осыған байланысты депутат бірнеше ұсыныс жасады. Атап айтқанда, барлық ҮЕҰ-ның шетелдік қаржыландырылуын бақылауға мүмкіндік беру үшін Салық кодексінің 56-бабының 9-тармағындағы шектеулерді қайта қарауды, уәкілетті органдардың өкілеттіктерін кеңейтуді және мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасу тетіктерін жетілдіруді ұсынды.

Мәжілісменнің пікірінше, бұл шаралар шетелдік қаржыландыру туралы объективті әрі толық ақпарат алуға және мемлекеттік мүдделерді қорғау тетіктерін күшейтуге мүмкіндік береді.