×

Домбыра – ұлттық рухтың символы: Қазақстанда Ұлттық домбыра күні кең көлемде аталып өтті

Adal Adam 06.07.2026 | 10:17
Домбыра – ұлттық рухтың символы: Қазақстанда Ұлттық домбыра күні кең көлемде аталып өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қазақстанда шілде айының алғашқы жексенбісінде дәстүрлі түрде Ұлттық домбыра күні аталып өтті. Мемлекеттік деңгейде ұйымдастырылған мереке халқымыздың мәдени мұрасын ұлықтауға, ұлттық өнерді дәріптеуге және жас ұрпақтың төл құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға бағытталды, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Мерекеге орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, домбыраны ұлттық бірегейліктің ажырамас бөлігі әрі халқымыздың рухын көтеретін баға жетпес мұра ретінде бағалады.

Президенттің айтуынша, домбыра ғасырлар бойы ұлттың тарихын, дүниетанымын және рухани құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келеді. Ол жаһандану дәуірінде ұлттық мәдениетті сақтап, қазақтың төл өнерін әлемге танытудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Биылғы мереке жаңа Конституция күшіне енген кезеңмен тұспа-тұс келді. Жаңартылған Ата заңда тарихи-мәдени мұраны сақтау алғаш рет мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі ретінде айқындалды. Бұл ұлттық мәдениетті қолдаудың жаңа кезеңіне жол ашты.

Ұлттық домбыра күніне арналған мәдени бағдарлама еліміздің барлық өңірін қамтыды. Республика бойынша екі мыңнан астам концерт, фестиваль, күй байқауы, көрме, ғылыми конференция, шығармашылық кездесу мен мәдени жоба ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шараларға екі миллионнан астам адамның қатысуы жоспарланды.

Астанада мерекелік бағдарлама бірнеше алаңда өтті. Қаламгерлер аллеясында «Алтын домбыра» ансамблінің концерті ұйымдастырылса, Нұржол желекжолында Dombyra Party форматындағы ашық музыкалық кеш өтті. Бейбітшілік және келісім сарайында дәстүрлі «Асыл мұра» концерті ұсынылып, қазақтың Сарыарқа, Сырдария, Жетісу, Алтай–Тарбағатай және Батыс Қазақстан күйшілік мектептерінің үздік шығармалары орындалды. Кешке белгілі өнер қайраткерлері мен шығармашылық ұжымдар қатысты.

Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі бірнеше ашық алаңда өнер көрсетіп, ұлттық күй өнерінің жауһарларын орындады. Сонымен қатар «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі арнайы концерттік бағдарлама ұсынды.

Шымкент қаласында мерекелік концерт «Шым Сити» саябағында ұйымдастырылып, ұлттық өнер жанкүйерлерін бір алаңға жинады.

Ұлттық домбыра күні халықаралық деңгейде де кеңінен аталып өтті. Бейжің қаласында Қазақстан мәдениет орталығы ұйымдастырған Dombyra Party мәдени акциясында қазақ және қытай музыканттары халық күйлерін орындады. Іс-шараға жергілікті тұрғындар, қазақ диаспорасының өкілдері мен студенттер қатысты. Әсіресе қытайлық балалардың домбырада қазақ күйлерін орындауы көрермендердің ерекше ықыласына ие болды.

Биылғы мерекелік бағдарлама аясында Түркістан облысында «Күй құдіреті» республикалық байқауы, Қызылорда облысында «Сыр толқыны» күйшілер байқауы, Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған республикалық домбырашылар сайысы және Солтүстік Қазақстандағы халықаралық музыкалық фестиваль ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен #dombrakuni республикалық челленджі өткізілді. Акцияға қатысушылар әлеуметтік желілерде домбыра өнерін насихаттайтын бейнероликтер жариялап, ұлттық өнерді дәріптеуге үлес қосты.

Ұлттық домбыра күні халқымыздың рухани мұрасын жаңғыртып қана қоймай, ұлттық мәдениетті сақтау мен дамыту ісіндегі маңызды мерекелердің біріне айналып келеді. Домбыраның күмбірі ел бірлігін нығайтып, қазақтың бай өнері мен мәдениетін келер ұрпаққа жеткізудің маңызды құралы болып қала береді.