×

Маңғыстаудың жерасты мешіттері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді

Adal Adam 26.07.2026 | 10:50
Маңғыстаудың жерасты мешіттері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде дәріптеу бағытындағы маңызды оқиғалардың бірі – Маңғыстаудағы жерасты мешіттері мен олармен сабақтас киелі нысандардың ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілуі болды, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48-сессиясында «Маңғыстаудың жерасты мешіттері және олармен сабақтас нысандар» атты сериялық нысан ресми түрде Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді.

                              Ерлан Қариннің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында берген тапсырмасы негізінде жүзеге асырылды. Президент Маңғыстау өңірінің тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытып, жерасты мешіттерін ЮНЕСКО тізіміне енгізу жұмыстарын бастауды тапсырған болатын.

ЮНЕСКО тізіміне Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан епе және Бекет ата жерасты мешіттері енді. Бұл киелі кешендерге жерасты ғибадат орындарымен қатар қорымдар, сопылық ілім өкілдерінің кесенелері, зиярат жолдары, қасиетті құдықтар және діни маңызы бар өзге де тарихи нысандар кіреді.

ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитеті аталған кешендердің мәдени мұра ретіндегі айрықша әмбебап құндылығын мойындап, олардың сопылық дәстүр мен көшпелі мәдениеттің ғасырлар бойғы сабақтастығын көрсететін бірегей рухани кеңістік екенін атап өтті.

Маңғыстаудағы бұл киелі орындар ғасырлар бойы зиярат орталығы ретінде өз маңызын сақтап келеді. Сонымен бірге оларды күтіп-баптап, рухани дәстүрдің үзілмеуіне үлес қосып келе жатқан шырақшылық институты да бүгінге дейін жалғасып отыр.

Бес тарихи кешеннің барлығы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері ретінде мемлекет қорғауына алынған. Оларды сақтау және дамыту мақсатында 2027–2032 жылдарға арналған кешенді басқару жоспары әзірленуде. Жоспарда ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз ету, тарихи-мәдени кеңістікті қорғау, туристік және зиярат ету ағындарын тиімді ұйымдастыру, ғылыми зерттеулер жүргізу және ықтимал қауіптердің алдын алу шаралары қарастырылған.

ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілуі – Маңғыстаудың ғана емес, қазақ халқының бай рухани мұрасы мен тарихи-мәдени құндылықтарының халықаралық деңгейде мойындалғанының айқын көрінісі. Бұл шешім ұлттық мұраны сақтау ісіне серпін беріп қана қоймай, Қазақстанның мәдени мұрасын әлемге кеңінен танытуға мүмкіндік береді.