×

Алматыда Санжар Боқаевқа қатысты сот процесі басталды

Даурен Омаров 16.10.2026 | 11:11
Алматыда Санжар Боқаевқа қатысты сот процесі басталды
ашық дереккөз

Алматыда «ҚазТрансГаз» компаниясы басшысының бұрынғы кеңесшісі Санжар Боқаевқа қатысты қылмыстық іс сотта қарала бастады. Оған алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру, ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату баптары бойынша айып тағылып отыр.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Боқаев басқа адамдармен бірге ірі көлемдегі алаяқтық әрекеттерге қатысып, заңсыз алынған қаражаттың шығу тегін жасыру мақсатында түрлі қаржылық операциялар жүргізген деген күдікке ілінген.

Сонымен қатар тергеу органдары оны гранит тақталарды ұрлау және Алматыдағы Баума тоғайында ағаштарды заңсыз кесу әрекеттерін ұйымдастырды деп айыптап отыр.

Айыптау тарапының мәліметінше, аталған әрекеттер алдын ала ұйымдастырылып, бейнекамераға түсірілген. Кейін түсірілген материалдар әлеуметтік желілерде жарияланған.

Еске сала кетейік, Санжар Боқаев 2026 жылдың наурыз айында Алматыда ұсталған болатын.

Онымен бірге қылмыстық іс бойынша Мадияр Қалменов пен Ұлан Нүсіпқожа да сот алдында жауап беріп жатыр. Тергеу деректеріне сәйкес, Қалменов қаржылық операцияларға, ал Нүсіпқожа аталған оқиғаларды бейнетаспаға түсіруге және кейбір әрекеттерді ұйымдастыруға қатысқан деген күдікке ілінген.