Арай Есенбек ісі: Прокуратура сот шешіміне қатысты ақпарат берді
Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы журналист Арай Есенбек Пердешұлына қатысты шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырып, қорғаушылардың апелляциялық шағымдарын қанағаттандырмады.
Осы туралы Шымкент қаласының прокуратурасы Adaladam.kz сайтының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Қала прокуратурасының мәліметінше, Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2026 жылғы 24 сәуірдегі үкімімен Арай Есенбек Пердешұлы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабы 3-бөлігі 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылған.
Сот үкімімен оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 50-бабы 3-бөлігіне сәйкес, 5 жыл мерзімге масс-медиа құралдарымен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылған.
Прокуратура жауабында көрсетілгендей, Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 2026 жылғы 29 мамырда істі апелляциялық тәртіппен қарап, бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырған. Ал сотталған азаматтың адвокаттары берген апелляциялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылған.
«Қазіргі таңда сотталған Есенбек Арай Пердешұлына қатысты сот актілері заңды күшіне енген», – делінген прокуратураның ресми жауабында.
Сондай-ақ Adaladam.kz редакциясы көтерген Ж.Байсейітова мен М.Төлебаевқа қатысты мәселеге байланысты прокуратура олардың Шымкент қаласы әкімдігіне қатысы бар-жоғы және оларға қатысты қызметтік тексеру жүргізілгені туралы мәлімет алу үшін Шымкент қаласы әкімдігіне ресми сұрау жолдау қажеттігін түсіндірген.
Айта кетейік, Шымкенттік журналист Арай Есенбекке қатысты бейнежазба әлеуметтік желілерде кең тарады. Кадрларда Жанна Байсейітова мен Мейірбек Төлебаевқа ұқсайтын азаматтар журналистке қара дорбаға салынған ірі көлемдегі ақшаны ұсынғаны көрінеді.