×

Қазақстанда колледждерді қаржыландыру екі есеге жуық ұлғаяды

Даурен Омаров 19.06.2026 | 10:02
Қазақстанда колледждерді қаржыландыру екі есеге жуық ұлғаяды
© Photo : Назарбаев Университетінің Facebook-тегі ресми аккаунтынан

Оқу-ағарту министрлігі 2026 жылдан бастап колледждерді қаржыландыру көлемін екі есеге жуық арттыруды жоспарлап отыр.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Adaladam.kz ақпарат агенттігінің сұранысына жауап беріп, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы негізгі көрсеткіштер мен жоспарлар туралы мәлімет ұсынды.

Министрліктің мәліметінше, бүгінде елімізде 763 колледж жұмыс істейді. Оның 435-і мемлекеттік, ал 328-і жекеменшік білім беру ұйымдары.

Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаменті директоры Ақзира Қасымованың хабарлауынша, 2025 жылы жергілікті атқарушы органдар 187 колледждің материалдық-техникалық базасын жаңғырту жұмыстарын жүргізген.

«Аталған шаралар кадрлар даярлау сапасын арттыруға, білім беру процесінің еңбек нарығының заманауи талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге және бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», – деді Ақзира Бақтыбайқызы.

Министрлік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қаржылық дербестігін арттыру бағытында да жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қазіргі уақытта 37 колледж базасында 66 «шағын кәсіпорын» жұмыс істейді.

«Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жергілікті департаменттерімен келісіліп 51 колледждің қызмет түрлерін 38 әртүрлі бағыт бойынша кеңейту жұмыстары жүргізілуде», – деді Ақзира Қасымова.

Сонымен қатар колледждерде жаңа білім беру бағыттары белсенді енгізіліп жатыр. Министрліктің мәліметінше, бүгінде 11 мыңнан астам білім беру бағдарламасы әзірленген. Олардың қатарында робототехника, мехатроника, аддитивті технологиялар, жасанды интеллект және наноматериалдар технологиялары бар.

Бизнес пен колледждердің байланысы да күшейген. Қазіргі таңда дуальды оқыту жүйесімен 138 мың студент қамтылған. Ал шефтік кәсіпорындар саны 4,1 мыңға жеткен.

Министрлік дерегінше, 2023 жылдан бері кәсіпорындардың тапсырысы бойынша кадр даярлау бағдарламасына 43 мың студент қабылданған. Оның ішінде 13 мыңы 2025 жылы оқуға түскен.

Ведомство 2026 жылдың қыркүйегінен бастап колледждерді жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемін екі есеге жуық арттыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Халықаралық ынтымақтастық та кеңейіп келеді. Қазіргі уақытта қазақстандық колледждер шетелдік серіктестермен 100-ден астам келісім жасаған. 21 колледж халықаралық салалық аккредиттеуден өткен.

«Сонымен қатар, 500 педагог пен 200 студент шетелдік тағылымдамадан өтті», – деді Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаменті директоры Ақзира Қасымова.

Министрліктің мәліметінше, өңірлерде робототехника мен жасанды интеллект бойынша Fab-Lab зертханалары, TP-Link және Dahua оқу-тәжірибелік орталықтары, Германиямен бірлескен Халықаралық дуальды оқыту орталығы және Қызылордадағы Құзыреттілік орталығы іске қосылған.