×

Қазақстан мектептерінде буллинг жасаған 138 адам жауапкершілікке тартылды

Даурен Омаров 19.06.2026 | 10:34
Қазақстан мектептерінде буллинг жасаған 138 адам жауапкершілікке тартылды
Коллаж: Centralmedia24

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Adaladam.kz ақпарат агенттігінің сауалына берген жауабында білім беру ұйымдарындағы буллингтің алдын алу бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, 2022 жылы «буллинг» ұғымы заңнамаға енгізілгеннен кейін кәмелетке толмағандарға қатысты жәбірлеудің алдын алу, оны ерте анықтау және балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктері қалыптастырылған.

Министрлік буллинг белгілері анықталған жағдайда педагогтер мен мектеп әкімшілігінің әрекет ету алгоритмдері әзірленіп, қолданысқа енгізілгенін атап өтті.

Қазақстан Республикасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы бес айында буллинг пен кибербуллингке байланысты 224 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде 138 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал 2025 жылы 438 құқық бұзушылық тіркеліп, 272 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сонымен қатар министрлік биыл жаңа педагогикалық сүйемелдеу қағидалары қабылданғанын хабарлады. Оған сәйкес буллингке ұшыраған немесе буллинг жасаған балалар да ерекше бақылауға алынады.

«Буллингке ұшыраған барлық білім алушыларға педагог-психолог тарапынан психологиялық диагностика жүргізіліп, жеке психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіледі. Қажет болған жағдайда Психологиялық қолдау орталығының мамандары тартылып, білім алушыға, оның ата-аналарына (заңды өкілдеріне) және педагогтерге кешенді психологиялық көмек және әдістемелік қолдау ұйымдастырылады», – делінген министрлік жауабында.

Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта мектептерде буллингтің алдын алу үшін «ДосболLIKE» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама алдымен пилоттық режимде сыналып, кейін барлық мектептер мен колледждерге енгізілген.

«2025–2026 оқу жылында аталған бағдарлама еліміздің барлық мектептері мен колледждерінде енгізілді», – деп хабарлады министрлік.

Сондай-ақ буллингтің алдын алу бағытындағы біліктілікті арттыру курстарынан 13 мыңнан астам педагог өткен. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.