×

«Адам өмірі қызғалдақтан арзан болып тұр» – Мұрат Әбенов

Даурен Омаров 22.06.2026 | 17:42
«Адам өмірі қызғалдақтан арзан болып тұр» – Мұрат Әбенов
https://t.me/consot_kz

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқан азаматтардың отбасына төленетін моральдық өтемақы көлемі тым төмен екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Adaladam.kz тілшісі.

Депутат Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған жол апатынан қаза тапқан азаматтардың туыстарына кінәлі тарап 10 млн теңге көлемінде өтемақы ұсынып жатқанын тілге тиек етті. Оның сөзінше, қазіргі сот тәжірибесінде белгіленетін өтемақы мөлшері адам өмірінің құнын төмендетіп көрсетеді. 

«Қарақұйрықты өлтірсең – 6 млн, қызғалдақты жұлсаң – 13 млн айыппұл төлейсің. Ал адам өлсе, 2-3 млн, әрі кетсе 10 млн береді дейді. Сонда адам өмірі қызғалдақтан арзан болып тұр. Сот адам өмірін бағаламайды. Ұят, масқара бұл. Әрине, адамның құнын ақшамен өлшеп кемсітпейміз. Бірақ адам өлтірген кісі жауапкершілік алуы керек. Кемінде 150-200 млн теңге болуы керек деп есептеймін», – деді депутат.

Осыған байланысты Мұрат Әбенов моральдық өтемақы мөлшерін анықтау тәртібін қайта қарап, заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынды. Оның пікірінше, өтемақы көлемі келтірілген қайғы-қасіреттің ауырлығына сай болуы және кінәлі тұлғалар үшін қосымша жауапкершілік тетігіне айналуы қажет.

Айта кетейік, биыл 21 наурызға қараған түні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апатынан үш адам қаза тапқан болатын. Айыпталушы Александр Пак өзіне тағылған кінәні толық мойындаған. Бүгін үкім шықты, ол 10 жылға сотталды.