×

"Адам қағып кете жаздады": Абай облысында жол ережесін бұзған патрульдік көлік жүргізушісі жауапқа тартылды

Даурен Омаров 30.06.2026 | 17:59
"Адам қағып кете жаздады": Абай облысында жол ережесін бұзған патрульдік көлік жүргізушісі жауапқа тартылды
скрин

Абай облысында жол ережесін бұзған патрульдік көлік жүргізушісі жауапқа тартылып, оқиғаға қатысты қызметтік тексеру басталды, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Әлеуметтік желіде Абай облысында екі патрульдік автокөліктің жолдың тұтас сызығын кесіп өтіп, қарсы бағытқа шыққаны бейнеленген видео тараған болатын. Бейнежазбада қарсы бағытта келе жатқан жүргізуші жол апатын болдырмау үшін маневр жасап, салдарынан жаяу жүргіншіні қағып кете жаздағаны көрінеді.

Осы оқиғаға байланысты Adaladam.kz сайтының жолдаған сауалына Семей қаласының Полиция басқармасы жауап берді.

Полицияның мәліметінше, бейнежазбада көрсетілген мемлекеттік тіркеу нөмірі 0978 18 болатын Chevrolet Cobalt автокөлігінің жүргізушісіне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 596-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.

Сонымен қатар аталған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында қызметтік тергеп-тексеру басталған.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде тараған видеода патрульдік көліктердің жол қозғалысы ережесін бұзып, қарсы бағытқа шыққаны, соның салдарынан басқа жүргізушінің апаттан қашуға мәжбүр болғаны қызу талқыланған еді.