ІІМ Қазақстандағы ең көп таралған алаяқтықтың ТОП-5 түрін атады
Қазақстанда ең көп таралған алаяқтық түрлері белгілі болды. Бұл туралы Adaladam.kz ақпарат агенттігінің ресми сауалына жауап берген Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.
Министрліктің мәліметінше, елімізде ең жиі кездесетін алаяқтықтың ТОП-5 түрі мыналар:
- өзін банк, құқық қорғау органдары, байланыс операторлары немесе мемлекеттік мекеме қызметкері ретінде таныстырып, телефон арқылы алдау;
- интернетте тауар немесе қызмет көрсету туралы жалған хабарландырулар жариялау;
- әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі аккаунттарды бұзып немесе жалған парақша ашып, азаматтарды алдау;
- инвестиция, қор биржасы немесе криптовалютаға ақша салуды ұсынып, қаржы жымқыру;
- фишингтік сайттар арқылы азаматтардың жеке деректерін иемденіп, олардың атына несие рәсімдеу.
Сонымен қатар ІІМ соңғы уақытта алаяқтардың қолданатын жаңа тәсілдері көбейгенін атап өтті.
Атап айтқанда, қылмыскерлер құқық қорғау органдарының, банктердің немесе мемлекеттік ұйымдардың қызметкері болып хабарласып, азаматтарды алдайды. Бұдан бөлек, жасанды интеллект пен нөмірді алмастыру технологиясын пайдаланып, туыстарының немесе таныстарының дауысын салып сөйлейтін жағдайлар да жиілеген.
Сондай-ақ алаяқтар мемлекеттік органдардың, жеткізу қызметтерінің және байланыс операторларының атынан хабарлама жіберіп, азаматтардың жеке мәліметтерін қолға түсіруге тырысады. Бұдан басқа, жалған инвестициялық платформаларға ақша салуға үгіттеу, банк карталарын «дропперлік» құрал ретінде пайдалану және құрылғыға қашықтан қол жеткізетін зиянды бағдарламаларды тарату фактілері де кеңінен таралып келеді.
Ішкі істер министрлігі азаматтарды бейтаныс адамдарға жеке және банк деректерін бермеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және алаяқтық белгілері байқалған жағдайда бірден құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырды.