×

Желіде қызу талқыланған Түркістандағы мектепке қатысты министрлік түсініктеме берді

Даурен Омаров 02.07.2026 | 11:56
Желіде қызу талқыланған Түркістандағы мектепке қатысты министрлік түсініктеме берді
скрин

Оқу-ағарту министрлігі мектеп қызметкерлерін жөндеу жұмыстарына тартуға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Adaladam.kz тілшісі. 

Министрліктің мәліметінше, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес әрбір қызметкердің еңбек функциясы еңбек шарты мен лауазымдық нұсқаулықта нақты көрсетіледі. Егер жұмыскерге қосымша міндет жүктелсе, ол жұмыс беруші мен қызметкердің келісімімен рәсімделіп, тиісті ақы төленуі тиіс.

Ведомствоның хабарлауынша, заң бұзушылықтың бар-жоғы әрбір нақты жағдайда еңбек шартының талаптарына, лауазымдық міндеттерге және орындалған жұмыстың сипатына қарай бағаланады.

Министрлік бұған дейін әлеуметтік желіде тараған Түркістан облысы Созақ ауданындағы Көктөбе ауылындағы мектепке қатысты бейнежазбаға да түсініктеме берді.

Ведомствоның мәліметінше, бейнежазбада көрсетілген жұмыстар мектепті жаңа оқу жылына дайындау аясындағы жоспарлы жазғы жөндеу кезінде жүргізілген.

«Техникалық қызметкерлер өздерінің лауазымдық міндеттері шеңберінде тазалық, абаттандыру және ұсақ жөндеу жұмыстарын атқарған. Оларға құрылыс жұмыстары жүктелмеген, еңбек заңнамасының талаптары сақталған», – делінген жауапта.

Айта кетейік, Adaladam.kz редакциясы Оқу-ағарту министрлігінен 2025–2026 оқу жылында мектептер мен балабақша қызметкерлерін лауазымдық міндетіне кірмейтін жұмыстарға тартуға байланысты қанша заң бұзушылық тіркелгенін де сұраған болатын. Алайда министрлік бұл сауалға нақты статистикалық мәлімет ұсынбады.