Қазақстандық балмұздаққа сұраныс артып келеді: ең көп қай елдер сатып алады?
Қазақстаннан экспортталатын балмұздақ көлемі айтарлықтай артты. Бұл туралы Adaladam.kz ақпарат агенттігінің ресми сауалына жауап берген Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді.
Министрліктің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан 49,1 миллион АҚШ долларына (14 167 тонна) балмұздақ экспорттаған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 54,5 пайызға көп. Ал 2024 жылы экспорт көлемі 31,8 миллион АҚШ долларын құраған.
Қазақстандық балмұздақтың негізгі сатып алушысы – Ресей. Былтыр бұл елге 33,4 миллион АҚШ долларына 9 805 тонна өнім экспортталған. Бұл жалпы экспорттың 67,9 пайызын құрайды.
Екінші орында Қырғызстан тұр. Бұл елге 9,7 миллион АҚШ долларына 3 095 тонна балмұздақ жөнелтілген. Үшінші орында Өзбекстан орналасқан. Қазақстан бұл елге 5 миллион АҚШ долларына 1 058 тонна балмұздақ экспорттаған.
Сонымен қатар қазақстандық балмұздақ Моңғолия, Тәжікстан, Қытай, Әзербайжан, Түрікменстан және басқа да мемлекеттерге аз көлемде экспортталады.