×

Қазақстанда бес жылда пластикалық операциядан 4 адам көз жұмған

Даурен Омаров 07.07.2026 | 10:38
Қазақстанда бес жылда пластикалық операциядан 4 адам көз жұмған
Коллаж: Adal Adam

Қазақстанда пластикалық хирургия саласында қызмет көрсететін 295 медициналық ұйым жұмыс істейді. Бұл туралы Adaladam.kz сайтының ресми сауалына жауап берген Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мәлімдеді.

Комитеттің мәліметінше, олардың 247-сі – жеке, 48-і – мемлекеттік медициналық ұйым.

Сонымен қатар ведомство 2021–2025 жылдар аралығында пластикалық операциядан кейін 4 адам қайтыс болғанын хабарлады.

«Комитетке белгілі болған деректер бойынша 2021–2025 жылдар аралығында пластикалық хирургия саласында 4 өлім жағдайы (Астана қаласы – 1, Алматы қаласы – 2, Маңғыстау облысы – 1) және денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 1 жағдайы (Астана қаласы) тіркелген», – делінген жауапта.

Министрлік пластикалық операциялардың жалпы саны мен ең көп жасалатын түрлері бойынша жеке статистикалық есеп жүргізілмейтінін атап өтті. Сондықтан елімізде соңғы үш жылда қанша пластикалық операция жасалғаны және қазақстандықтар арасында қай операцияға сұраныс жоғары екені туралы ресми дерек жоқ.

Сондай-ақ Комитет 2021 жылдан бері пластикалық хирургия қызметін көрсететін медициналық ұйымдарға 92 жоспардан тыс тексеру жүргізген.

Тексеру барысында:

  • лицензиялық талаптардың бұзылуы;
  • медициналық көмек көрсету стандарттарының сақталмауы;
  • операция алдындағы тексерудің жеткіліксіз жүргізілуі;
  • медициналық құжаттарды рәсімдеу талаптарының бұзылуы;
  • пациенттің ақпараттандырылған келісімін алмау;
  • операциялық және реанимациялық жабдықтардың талапқа сай келмеуі сияқты заң бұзушылықтар анықталған.

Министрлік азаматтарға пластикалық операция жасатар алдында клиниканың лицензиясын және дәрігердің жұмыс істеуге рұқсаты бар-жоғын міндетті түрде тексеруге кеңес берді.

«Азаматтарға эстетикалық операция жасау туралы шешім қабылдамас бұрын медициналық ұйымның лицензиясының бар-жоғын, дәрігердің клиникалық практикаға жіберілгенін тексеруге, операцияның қауіптері мен ықтимал асқынулары туралы толық ақпарат алуға және тек лицензияланған медициналық ұйымдарға жүгінуге кеңес береміз», – деп мәлімдеді Комитет.

Сондай-ақ ведомство Алматыда липосакциядан кейін көз жұмған блогер әрі кәсіпкер Сәуле Ермахановаға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілгенін растады.

«Тексеру нәтижесінде медициналық көмекті ұйымдастыру және көрсету кезінде бірқатар өрескел бұзушылықтар анықталды. Материалдар құқық қорғау органдарына жолданды», – делінген жауапта.

Ал Ақтауда пластикалық операциядан кейін қайтыс болған Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуовтың ісі бойынша да жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Комитеттің хабарлауынша, аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалғандықтан, сотқа дейінгі тергеу материалдары жарияланбайды.