×

Қазақстандық балмұздақтың басым бөлігі өзіміздің шикізаттан жасалады

Даурен Омаров 07.07.2026 | 11:27
Қазақстандық балмұздақтың басым бөлігі өзіміздің шикізаттан жасалады
produkt.by

Қазақстанда балмұздақ өндірушілерге инвестициялық субсидиялар, жеңілдетілген несие және мемлекеттік кепілдіктер түрінде қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл туралы Adaladam.kz сайтының ресми сауалына жауап берген Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді.

Министрліктің мәліметінше, бүгінде елімізде балмұздақ өндіретін 15-ке жуық ірі және орта кәсіпорын жұмыс істейді.

2025 жылы Қазақстанда 63,2 мың тонна балмұздақ өндірілген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда айтарлықтай көп. Ал биылғы бес айдың өзінде өндіріс көлемі 35,1 мың тоннаға жеткен.

«Соңғы 5 жылда балмұздақ өндірісі елімізде 49 пайызға өсті. 2021 жылы 42,4 мың тонна болса, 2025 жылы 63,2 мың тоннаға жетті», – делінген министрліктің жауабында.

Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан 2025 жылы 14,1 мың тонна балмұздақты Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия және басқа елдерге экспорттаған.

Ал импорт көлемі 12,1 мың тоннаны құраған. Қазақстанға балмұздақ негізінен Ресей, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Швейцариядан жеткізіледі.

Министрлік сондай-ақ еліміздегі балмұздақ өндірісінде пайдаланылатын негізгі шикізаттың басым бөлігі отандық өнім екенін атап өтті.

«Балмұздақ өндірісінде пайдаланылатын негізгі шикізат көлеміндегі отандық өнімнің үлесі шамамен 75–80 пайызды құрайды», – деді Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е. Кенжеханұлы.

Сонымен қатар мемлекет балмұздақ өндірушілерді қолдау үшін инвестициялық субсидиялар, жеңілдетілген несие және кепілдік беру тетіктерін ұсынып отыр.

«Балмұздақ өндірісі сүт өндіру саласының бір бөлігі, осыған орай сүт өңдеу үлесін арттыру және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейту мақсатында келесі мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі: 

– инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектілері шеккен шығындардың бір бөлігін 25%-ға дейін субсидиялау;

– айналым және негізгі қаражатты толықтыруға алынған кредиттер;

Сонымен қатар, айналым қаражатын толықтыруға жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы қолданыста. Кредиттер алу үшін кепіл мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда, «ДАМУ» қоры арқылы өңдеуші кәсіпорындардың қарыздары бойынша 85%-ға дейін кепілдік беру көзделген. 

Елімізде балмұздақ өндіру саласында барлық мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асырылып жатыр, алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е. Кенжеханұлы.

Сондай-ақ, елімізде балмұздақ өндіру саласында барлық мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асырылып жатыр, алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтеді.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Кенжеханұлының мәліметінше, қазақстандық тұтынушылар арасында Shin-Line, FoodMaster, Ленгер және Гормолзавод кәсіпорындарының балмұздақтары жоғары сұранысқа ие. Алайда балмұздақтың нақты қай түрі көбірек сатылатыны бойынша ресми статистика жүргізілмейді.