Елімізде 8 мыңнан астам есек бар: министрлік есек еті мен сүтіне қатысты мәлімдеме жасады
Қазақстанда бүгінде 8 054 бас есек ресми тіркелген. Бұл туралы Adaladam.kz ақпарат агенттігінің ресми сауалына жауап берген Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді.
Министрліктің мәліметінше, Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ақпараттық жүйесінде 883 жеке және заңды тұлғаның атына есек малы тіркелген.
Қазіргі уақытта Алматы облысындағы «KazAgroMax» шаруа қожалығы мен Жамбыл облысындағы «Тұрлыбек» жеке кәсіпкерлігі есек өсірумен айналысады. Ал Қарағанды облысындағы «SaumalBioTech» ЖШС құрғақ және сублимацияланған есек сүтін өндіреді.
Сонымен қатар министрлік Қазақстанда есек шаруашылығы ауыл шаруашылығының жеке бағыты ретінде заңнамамен айқындалмағанын атап өтті.
Ведомствоның мәліметінше, соңғы бес жылда елімізде есек еті мен есек сүті ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өтпеген.
«Соңғы 5 жылда ветеринариялық-санитариялық сараптамадан ешқандай есек еті мен сүті тексерістен өтпеген. Ветеринария туралы заңға сәйкес ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өтпеген мал өнімі сатылмайды», – делінген Ауыл шаруашылығы вице-министрі А. Бердалиннің жауабында.
Министрлік сондай-ақ Қазақстан заңнамасы бойынша есектерді сатуға немесе оларды көрмелерге шығаруға тыйым салынбағанын хабарлады.
Ал есек еті сатылатын жағдайда ол міндетті түрде ветеринариялық-санитариялық тексеруден өтіп, өнімнің нақты түрін көрсететін арнайы ветеринариялық таңбамен таңбалануы тиіс.