«Жұлдыз Сүлейменованың үстінен шағым түсті»: Оқу-ағарту министрлігі резонанс тудырған «арызға» қатысты түсініктеме берді
Оқу-ағарту министрлігі әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында «Жұлдыз Сүлейменованың үстінен шағым түсті» деп жарияланған, министрлікке қатысты арызға байланысты ресми ұстанымын білдірді. Бұл туралы Adaladam.kz сайтының сауалына жолданған жауапта айтылған.
Министрліктің мәліметінше, бүгінгі күнге дейін жарияланымда көрсетілген деректер бойынша министрлікке Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бірде-бір ресми өтініш немесе шағым түспеген.
«Осы уақытқа дейін Министрліктің атына жарияланымда көрсетілген мәліметтер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ресми өтініштер немесе шағымдар келіп түскен жоқ. Жарияланған материалдағы мәліметтер нақты дәлелдермен тіркелмеді», – делінген жауапта.
Сонымен қатар ведомство жарияланған ақпарат жекелеген министрлік қызметкерлерінің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретінін мәлімдеді.
Министрлік кадрлық шешімдер мемлекеттік қызмет туралы заңнама мен меритократия қағидатына сәйкес қабылданатынын атап өтті.
«Министрдің қызмет атқарған кезеңінде 23 қызметкер кәсіби біліктілігі, жұмыс нәтижелері және меритократия қағидаты негізінде жоғары тұрған лауазымдарға тағайындалды», – деп хабарлады министрлік.
Сондай-ақ ведомство өз қызметінде ашықтық, заңдылық және мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарын басшылыққа алатынын жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін Democrat.kz сайтында өзін Оқу-ағарту министрлігінің қазіргі және бұрынғы қызметкерлеріміз деп таныстырған авторлардың ашық арызы жарияланған болатын. Онда министрлікте психологиялық қысым, буллинг, кадрлық тұрақсыздық және әділетсіз кадрлық шешімдер бар деген мәлімдемелер айтылған. Министрлік бұл жарияланымдағы мәліметтердің дәлелмен расталмағанын мәлімдеп отыр.