×

«Үйден қашу, сабақтан қалу, ұрлық...» ІІМ жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтарды атады

Даурен Омаров 28.07.2026 | 11:18
«Үйден қашу, сабақтан қалу, ұрлық...» ІІМ жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтарды атады
Adal Adam

Қазақстан Ішкі істер министрлігі жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Adaladam.kz сайтына мәлімет берді.

Ведомствоның мәліметінше, кәмелетке толмағандар арасында үйден қашып кету, себепсіз мектепке бармау, бұзақылық, төбелес және ұрлық сияқты құқық бұзушылықтар жиі кездеседі.

Министрлік бұл бағытта мектептермен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп профилактикалық жұмыстар жүргізетінін атап өтті. Ай сайын елімізде «Жасөспірім», «Қауіпсіз балалық шақ», «Түнгі қаладағы балалар» секілді жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылады.

ІІМ құқық бұзушылықтың басты себептерінің бірін былай түсіндірді:

«Талдау көрсеткендей, кәмелетке толмағандар тарапынан құқықбұзушылықтардың басты себептерінің бірі – олардың адамгершілік тәрбиесіндегі кемшіліктер мен құқыққа қарсы мінез-құлыққа итермелейтін себептер мен жағдайларды дер кезінде жоймау», – делінген жауапта.

Министрлік бұл мәселеде педагогтер мен мектеп психологтарының рөлі ерекше екенін атап өтті.

«Балалардың мінез-құлқындағы ауытқуларды дер кезінде байқап, дұрыс педагогикалық көмек көрсету жасөспірімдердің құқық бұзуына және қоғамға қарсы мінез-құлыққа әкелетін жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді ІІМ.