«Сахнаға шығып, актер болған жоқпын»: Жигули Дайрабаев президенттікке үміткер болғаны кезі туралы
Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев “Adal ADAM” YouTube арнасына берген сұхбатында мемлекет басшысы орнына үміткер болуды актерлықпен шатастырмау керек екенін айтты.
Журналист Дәурен Сейітжанұлы депутатқа «Президент сайлауы десе, бұрынғы кандидаттар ішінде көз алдымызға әуелі сіз елестейсіз. Жигули Дайрабаевтың арқасында президент сайлауын сайлау ретінде сезіне алдық дегендер де бар. Айтыңызшы, сіз өзіңіз кандидат ретінде өз рөліңізді жақсы ойнап бердім деп ойлайсыз ба?» деген сұрақ қойды.
Жигули Дайрабаев бұл сұрақпен келісе алмайтынын жеткізді.
«Мен рөл қойып, сахнада актер болған жағдайым жоқ қой, Дәурен. Егер мен актер болсам, сахнаға шығып, рөл ойнасам, мәселен, Абайдың, Бекежан немесе басқа бір тұлғалардың рөлін ойнасам, онда ол актерлық. Ал мынау саяси сахна ғой. Бұл жерде мемлекеттің тағдыры тұр, мемлекетті басқару, мемлекет басшысының орнына таласу - оңай шаруа емес. Оны кандидат болған адам өзінің ар-ұятымен, өзінің жауапкершілігімен сезінеді. Мен соны сезінген азаматпын. Сайлаудың өткеніне 3 жылдан асты ғой, оған 6 кандидат қатысты, барлығына ыңғайлы жағдай жасады. Бұл қазіргі мемлекет басшысының жасап жатқан реформасының айғағы», - деді Жигули Дайрабаев.